Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  92


Автор: Рахат Қосбармақ

ТӨЛЕГЕН АЙБЕРГЕНОВКЕ

Ауыздық үзген тұлпарлар сынды
Көзінің алдын шаң көмген –
Көрдім мен сені, ей, қырдың ұлы,
Алапат асау әндерден.
Алқара аспанда ақсұңқар сынды
Қалықтауды сенен үйренгем.
Көрдім мен сені, жауқазын жандым,
Күңіренген күмбір күйлерден.
Құлазып қалдық сен кеткелі біз,
Оркестрдей боп бір үні кем.
Көрдім мен сені, көркем көңілдім,
Көлдердің нәзік дірілінен.
Көкірегімді тар дүние қысып,
Тұншығып қалды қаншама арман.
Сезіндім сені, аяулым менің,
Таулардан соққан ақ самалдардан.
Ұмсындың, жаным, омырауыңды ашып,
Бала қырандар ұмтылған жаққа.
Мен сені көрдім, алтын айдарлым,
Шұғынық гүлге шық тұнған шақта.
Жанымды тербеп ақ арай шұғыла,
Кетпей қойды бір сыңғыр құлақтан.
Көрдім мен сені, беу, күміс көмейлім,
Жапырағы ұшқан бұлбұлды бақтан.
Қызыл шоқ шашып көзімнен ұшқан,
Өз жасыныммен өзімді өртедім.
Мен сені көрдім, бала жанарлым,
Дүниеден мынау сезімдер толы...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу