Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  387


Автор: Рахат Қосбармақ

АДАЙ

Адай деген – адуын, тентек халық,
Ерлігі мен серілігі ертек халық.
Қан жұтқызып қасарған қас-жауларын,
Сергелдеңде жататын серті ақталып.
Көмілгенде ақ шаңға атамекен,
Ақ алмасы ашуымен қатар екен.
Ауыл болып бір көзе су үшін де
Ат ойнатып, «аттандап» жатады екен.
Қаны қайнаса, қабағы қантүленіп,
Жары үшін де жатады жанды беріп.
Қайың мінез, қайыспас, қайсар ру,
Майыспайтын мәрт халық мәңгі берік.
Кеудесінде даналық дара шыңы,
Кемеңгер ғой қарттары – қарашығы.
Намысының нарқынан қымбаты жоқ,
Асқар биік арынан жоқ асылы.
Есті сөзің елірген елге өтпеген,
Замана ғой оятқан ойды оқпенен.
Шешен тілмен төкпектеп көсілгенде,
Ауыздыға сөз беріп, сөйлетпеген.
Бура-бұлтын төбеден жайған аспан,
Алма-кезек тағдыр ғой тайталасқан.
Аламандап шапқанда ақкөз Адай,
Әруағы дұшпанның айға қашқан.
Босағасы – бақыт та, төрі – құтты,
Қасиетін қайбіреу кейін ұқты.
Басын кесер болсаң да, бағынбайтын
Өн бойында өр мінез өріліпті.
Қор етуге кім құштар көктегісін?!
Сезем, баба, соңыңа өкпелісің.
Ұяламын бүгінде мақтануға,
Ұрпақтары ұсақтап кеткені үшін...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу