Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  185


Автор: Рахат Қосбармақ

ТАРАЗЫЛАУ немесе кешегі және келешек ұрпақ хақында

Арыстан еді-ау Махаңдар –
Алты да қарыс азуы.
Жаратқаннан емес,
Жаралғаннан солай тағдыр жазуы.
Арыстан еді-ау Махаңдар,
Мойымас анау-мынауға,
Мойыны озық қатардан.
Асқар бір бел еді-ау Махаңдар –
Аласармайтын тұлғасы.
Арзандамайтын ақ құны –
Құла түзде көмусіз қалса да қу басы.
Асқар бір бел еді-ау Махаңдар –
Алмастай қиғыр тілінде
Ащы да қатал қаһар бар.
Құнан қойдың сақасы еді-ау Махаңдар –
Құлжа мойын, кекшіл бас,
Екіталай күн туса,
Ерегіспей тек тұрмас.
Құнан қойдың сақасы еді-ау Махаңдар –
Құт мекен болған құм-шағыл,
Шалқар төрі емес шаһарлар.
«Қас үлектен туған қатепті»,
Қайыспас қара нар еді-ау.
Кісілігі мен кішілігі
Қырық кісідей бар еді-ау.
Ұсынса, құшақ жетпейтін,
Ұмсынса, пышақ өтпейтін;
Бадана көзді сауытты,
Көкірегі дала еді-ау.
Төрден бір алған тұғырын,
Төбеден биік ұлығым.
Он екі төбе билерді
Он екі төбеттей шұбыртып,
Құм Нарынды сыдыртып,
Құмай тазы боп жер шалған.
Қаройдай жапырақ-қонысын
Қызғаныш еткен кең жалған.
Батырлығына баланған
Тарпаңдығы мен тасыры.
Найзағай-мінез халықтың
Намысы биік хас ұлы.
Уай, ұлыдан қалған бір ұшқын,
Ұрпақтың еді-ау асылы!
«Қазанаттан туған қазмойын»,
Кекірейген кеуделі,
Кер айдарлы, кекілді,
Тұмарлы тұлпар секілді;
«Құла майдан түздерге»
Құрбан қылып құла атын;
Қабағы қату күн кешіп,
Халықтың кегін қуатын,
Ай, «Айырдан туған жампоз» еді-ау Махаңдар –
Туса – бір рет туатын.
Өткірлігі өрттей-ді,
Сергектігі серттей-ді,
Көнбейтін бұлтың-бұлтаққа.
Ақ сұңқар сынды, ай, Маха,
Күле де көрме сен бізге –
Күйбеңшіл, күйкі күйімізге
Күле де көрме, мін тақпа.
Мүсіркей егіліп қара сен –
Ұқпайтын ұлы тіліңді,
Ұсақтап кеткен бүгінгі
Уай, мынау сорлы ұрпаққа!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу