Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  67


Автор: Рахат Қосбармақ

КҮРЕҢ

Құйғытсам, шіркін, құлдилап жонда бірер күн,
Құйрық-жалына маздаған шырақ-от іліп;
Көкорай қырда күдері тізгін күреңнің
Күпшек санында күміс тамшылар секіріп.
Күлік арғымақ,
Көкірегімнен күй ақтар,
Сезімдер сонда сергек қылышын сермелеп;
Жарқылдап жатса жалын шашып от-тұяқтар,
Жанарларында дүбірлі дүние дөңгелеп.
Қыдыра шауып, қиялай шықсам қыратқа,
Шаңылтақ аспан... Көз ұшы жүзген көк сағым...
Құйғытып күрең, күй тартқызып от-тұяққа,
Жарқырай аққан жұлдыздар шашып жатса бір!
Шағала-көңіл шаңырқап, шыңда шарқ ұрған,
Кермиық құстар, кеудеме келіп қоныңдар!
Қол бұлғап жатса жамырасып сонда артымнан
Қораба құмдар, қойтасы қожыр қорымдар.
Көбік сабын боп, көктегі айды ілермін,
Кім тоқтата алар ауыздық үзген арынды?!
Күміс үзеңгі күнге шағылып,
Күреңнің
Күлдір де-күлдір кісінесі тербеп жанымды.
Заңғар бір биік асқақтық есіп зарпымнан,
Арқырай ағып бара да жатам зымырап...
...Түсіме жиі еніп жүр күміс ер-тұрман,
Түсіме жиі еніп жүр сол бір күлік ат...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу