Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  117


Автор: Рахат Қосбармақ

КҮН

Қолтығында бұлттардың күн аунаған,
Күн аунаған – сәбиден бір аумаған.
Күлкісімен Күн-сәби ерітердей
Қырлар шөгіп, жамылса қырау далам.
Ақ моншақтар жанардан ыршап таңда,
Айналайын көңілім, тыншып қалма.
Құлыншағым кеудемде кісінейді,
Тұлымшағын көтеріп Күн шыққанда.
Күн келеді нұр сыйлап бар адамға,
Қызыл найза лақтырып далаларға.
Нұрдан жаралғанымды сезінемін
Жарқын жүзді жалқын нұр жалағанда.
Арай толар атқақтап содан кеуде,
Нұр жүгіріп – Күн шықса маған демде.
Қан жылайды жүрегім – Күн құласа,
Қан-қан болған найзасын қадап жерге.
Аймаласа нұрымен артыпты екпін,
Шақырғанда сәби-Күн шалқып кеттім.
Тартып кеткім келеді-ау күрең мініп,
Күн астына күңіреніп тартып кеткім.
Қолтығында бұлттардың Күн де аунаса,
Қайтер едік жүректер нұрланбаса?!
Қайтер едік – егерде жақсылардың
Көкірегінде бір-бір сәби-Күн болмаса?!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу