Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  73


Автор: Темір МЫҢЖАС

БҮГІНГЕ ЖЕТТІ ДАУЫСЫҢ

Ақын-жырау Сүгір Бегендікұлына
Өлеңіңмен өрнегін тауып ғұмырың,
Тарлан ең талай парлатқан тойдың дүбірін.
Маңғыстауыңа өлкені ешбір тең көрмей
Оралған елге Сүгірім!
Не тауқыметті көрсең де, нәсіп маңдайдан,
Сиқырлы саздың ағыздың балын таңдайдан.
Қағынан тайған киіктей сан жыл күй кешіп,
Сағыныш айттың шалғайдан.
Алқалы топта еліңнің қорғап намысын,
Таныттың жырда сәйгүліктердің шабысын.
Тыңдаушысын еріксіз ертіп соңынан
Бүгінге жетті дауысың!
Шайырлар жырын жалғадың алтын көпірдей,
Шабыттанғанда тасқынды едің нөпірдей.
Ертеңге Сізді жеткізер ұрпақ бар қазір
Сенім артатын өкінбей!
Өзіңдей болып ән-жырың елге қосылды,
Бұлт жаппайды екен жасынды.
Жарқыра Сүке, көшкенмен жылдар көме алмас,
Тот баспас Сіздей асылды!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу