Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  101


Автор: Темір МЫҢЖАС

ЕСІМІ ЕЛДІҢ ЕСІНДЕ

Маңғыстауға, түрікмен, өзбек елдеріне мәшһүр сынықшы, халық емшісі
Қанатбай Боқайұлының рухына
Каспий менен Құбатаудың арасы,
Жалт-жұлт еткен Шағадамның қаласы,
Сол шаһардан шығатын-ды қара жол
Бағытында –Қайыпата даласы.
Алдыңызда екі үй тұрар жатаған,
Қанатекең ауылы жұрт атаған.
Күндіз-түні арылмайды адамнан,
Арылмайды алғыс пенен батадан.
Әсіресе, сәрсенбінің сәтінде,
Сол далада жел мен күннің өтінде.
Кезек күтіп отырады сан адам,
Қанатбайға бір көрініп кетуге.
Ішінде бар орыс, өзбек, қазағың,
Түркімен, армян тартқан ауру азабын,
Мертіккендер келіп-кетіп жатады,
Басқа түсіп тірліктегі дозағың.
Қарсы алады жанары өткір, қарт кісі,
Ауру жайын дөп басатын мәрт кісі.
Аластайды бойыңдағы дертіңді,
Оның қолы, тізесі мен “тепкісі”.
Ал, сынықта оның болмас теңдесі,
Сынасқанға анық алдын бермесі,
Елу жылда шипа тапты сан мың жан
Өтті алдынан Тәңірдің сан пендесі.
«...Сынықшылық қонды маған ұрыста,
Соғыс кезі дес бермейтін тұрысқа.
Күндіз-түні мұз жастанып окопта,
Көз ілгенмін жер кепеде, бұрышта.
Сынықшы еді, әкем енді түсіме,
Сынай қарап, жауынгерлік ісіме,
Бүйірімнен түртіп мені оятты:
«Көмек көрсет,-деді,- анау кісіге».
Ұшып тұрып, атып шықтым кепеден,
Қарамастан жау оғына төпеген.
Жараланған жауынгерге таяндым,
Адасқанға жол салғандай төтеден.
Орнына сап сынған ортан жілігін,
Таңдым мықтап, жеткенінше білігім.
Әруақтандым сылап, салып сынықты,
Шабыт алдым ісін жасап ірінің.
Міне, осылай сынық салу басталып,
Бұл ісімді Хақ қолдады, көп танып.
Соғыс кезі, аян беріп өз әкем
Жүрген жәй бар содан әлі бақ тауып».
Осылайша ашты сырын ол маған,
Әруақты адам ата-баба қолдаған.
Жарты ғасыр қамыққанды қамдаған,
Шын батыр ол тарыққанды қорғаған.
Жаз ба, күз бе мейлі тіпті, қыста да,
Жүгінді жұрт, шын сынықшы ұстаға.
Қанатекең парасаты, пайымы
Лайықты тәлім алар нұсқаға.
Науқас келсе, ішкен асын қоятын,
Көңілдегі кірбіңіңді жоятын.
Шақырылса жағдай туып күтпеген,
Ләм деместен лезде атқа қонатын.
Бірде келді ол құдалыққа Ақтауға,
Қазағыңа құдалықтай бап бар ма? !
Енді шәйін ұрттай берген мезетте,
Хабаршы кеп, салды “Көке, аттанға!”
Шақырушы Жетібайдан келіпті,
Есік алды тіреп қойып көлікті:
“Қанатеке, болмасаңыз өзіңіз
Кім тірілтер ессіз тірі өлікті”.
Дегенді естіп кете барды аттанып,
Отырмады себеп айтып, баптанып.
Кейін білдік, сол бір жанның өмірін
Қанатекең сұм ажалдан қапты алып.
Оны іздеп Ашхабаттан, Марыдан,
Ресейден, Дағыстаннан, әріден.
Көрдік талай келгендерді жаны үшін
Денсаулықты қымбат тұтып бәрінен.
Жан еді ол ешбір қабақ шытпаған,
Имандылық, ізгілікті құптаған,
Айтылған сөз, атылған оқ санайтын
Адал жүріп, жасап өтті нық қадам.
Бой көрсеткен емес еді жырадан,
Еңбегіне ақы мен пұл сұраған,
Сондықтан да хан көтерді ел оны,
Дейтін-ді ылғи “Қанатекең ұлы адам!”
Дәрігерге емес, Қанатбайға баратын,
Көрдік біз де талайлардың санатын.
Шипа таппай берген дәрі-дәрмектен,
Сол кісіден жанға дәру табатын.
Жол апаттан бірде өзі мертігіп,
Тұлпар аттай тұяғынан кертіліп.
Жатқанда да ем іздеген көп үшін
Тұрып кетті, серіппедей серпіліп.
“...Сынықшылар сынығымды сала алмай,
Мен бір бейне алынбайтын қамалдай,-
Деді ол: -Түнде сынған сегіз көзімді
Өз қолыммен өзім салдым, о, Алла-ай!”
Өмір-өзен ағып өтер расында,
Уақыт болар ардақтыңа, асылға.
Халқы сүйген Қанатекең жол тартты
Бақилыққа сексен тоғыз жасында.
Көп адамға жеткен жүрек жылуы,
Қанатбайдың Ақшакедей руы,
Аға-інісі Бөлекбай мен Рахмет,
Ол Боқайдың ортаншысы, бір ұлы.
Қанатекең жалғыз ұлы Алтыбай,
Немересі Дүйсеке мен Мергенбай.
Үшеуі де сапар шекті бақиға


Ұл мен қыз боп әулет тіні жалғанды-ай.
Қанатбайдың асқақ әр кез шоқтығы,
Орынбайдай артында бар ақтығы.
Келіндері бар Бибіжан жеңгей бас болған,
Жоғалмайды ар-намыстың пәктігі.
Қанатекең, жайнаған жан гүл бағы,
Ақбала, Ағлен, Ағылестей қыздары
Өркен жайып, өріс болса әкеге
Жиен біткен жаны қалмай сыйлады.
Ақсақалы Бисен аға ауылдың,
Арамызда аға-іні бар, бар үлгім.
Өрімталдай өсіп келед ұрпағы
Артта қалсын қиын кезең, ауыр күн.
Маңғыстаудың Сартасының түлегі,
Қанатекең ел деп соққан жүрегі.
Рухы әр кез желеп-жебеп жүреді
Ұрпағының қабыл болып тілегі!
Ғұмыр бойы қызмет еткен халқына,
Ұлағаты мұра болған артына.
Қанатекең, ұмытылмайды ол анық,
Ел аузында асқақтайды даңқы да!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу