Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  94


Автор: Темір МЫҢЖАС

ПІР БЕКЕТТІҢ БАЛАСЫ

Әй, Рахмет-ай,
Ақыным-ай, аңқылдақ,
Жиын-тойда өлең оқып, саңқылдап,
Жүруші едің, бір күнгідей болмады
Ажал-тажал алып кетті-ау алқымға ап...
Жыр пырағын мінгенің шын тағалап,
Жас ақын көп соңыңа ерген ағалап,
Төлегенді «тірілткеннің» бірі өзің
Әр шайырды жүретінсің бағалап.
Ақ көңілдім, жалпаң қаққан сенгішім,
Сенің бізге аз емес-ті оңды ісің,
Біреулердің кеңіді ме өрісі,
Таба алар ма енді сендей көнбісін...
Бізге ашып айта алмадың мұңыңды,
Кей ретте шаппай туың жығылды.
Түсінгісі келмегендер түсінбес,
Жыр сүйер жұрт сені ақын деп ұғынды.
Сұм ажалға келмес пенде шамасы,
Содан бітпес қайғысы мен наласы,
Енді сені жырларыңнан іздейміз
Әй, Рахмет-ай, Пір Бекеттің баласы...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу