Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  66


Автор: Темір МЫҢЖАС

Басқызбасын аяғым сырқыраған...

Басқызбасын аяғым сырқыраған,
Қырға кетем, жусаны бұрқыраған.
Қара сирақ кезімді сағындым ғой
Тай-құлындай тебісіп, шұрқыраған.
Сәлем берем, ауылдың шалдарына,
Бата берсін қолда өскен балдарына.
Ақ жаулықты ананың алақанын
Бір ұлындай тигізем маңдайыма.
Ауырғанын елемей аяғымның,
Сай-саласын кеземін баба қырдың.
Гүл сыйлаған қыздарға кезімді іздеп
Алқабына барамын бабагүлдің.
Арай таңды қарсы алып нұрын шашқан,
Шаруагерге көрісем мерейі асқан.
Мауыт түнін жамылып ауылымның
Жұлдыздарға сыр айтам жымыңдасқан.
Ауыл барсам алдымнан бәрі дайын,
Жоғалады мендегі бар уайым.
Киелі топырағына табан тисе-ақ
Бойымдағы бар дерттен арыламын...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу