Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  95


Автор: Темір МЫҢЖАС

О, ЖАРАТҚАН

Мұрша келмей,
Кенеттен абайлауға,
Сәл-ақ қалдым,
Ғұмырды тәмамдауға.
Ажал шіркін,
Қасымнан ағып өтіп,
Уақыт қиды,
Әлі де “амалдауға...”.
О, жаратқан,
Дәрменім, шамам барда,
Асықтырма,
Сапарды тәмамдауға.
Бәрі де өтті, өтеді,
Өте берер,
Мұрсат берші
Өмірді бағамдауға.
Сұрайтыным,
Жүгіндір адамды арға,
Құласам да
Салмашы наданды алға.
Фәниде әлі жүруді жаздың екен
Таба қылма,
Тірлікте жамандарға.
Осындайда
Жаныңды жаралауға,
Қаралауға,
Сыртыңнан табалауға,
Әзір тұрар кей пендең
О, жасаған,
Қор көрсетпе соларға,
Санамды алма!
Өте шыққан
Балдәурен балалығым,
Бір бұрылып,
Артыңа қара бүгін,
Сал дәуренім, жастығым
Сен де көрші,
Тас төбемнен төніп тұр
Нала-күнім.
Сұңқардаймын,
Оқ тиген иінінен.
Тұлпардаймын,
Айырылған үйірінен.
Бұл да өтер...
Жаратқан,
Құлатпа тек
Мені аппақ Арымның биігінен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу