Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  167


Автор: Темір МЫҢЖАС

ЖУРНАЛИСТЕР

Жақсылықтың айнымас
жаршысындай,
Патша төрге шығарған
олқысынбай.
Журналистің керексе сөзі мірдей,
Бабамыздың
бұзау тіс қамшысындай.
Ар-намысын
бәрінен қойып биік,
Дәріптейтін
асылды көңілі сүйіп,
Зұлымдықты көргенде
шыдас таппай,
Арашада жататын
өзі күйіп...
Өзгерістер,
сан қилы төңкерістер,
Іргелі істер
немесе ізденістер...
Бар лүпілін
дүбірлі дүниенің,
Жүрегінен өткізер
журналистер.
Қала айналып,
жүрсе де дала айналып,
Таңмен бірге
атады арайланып,
Өйткені ол,
ел-жұрттың тынысына,
Ғашықтықпен
әрдайым қарайды анық.
Әрбір сәттің
байыбын жіті аңдар,
Үмітті де
үзілген қайта жалғар,
Ешқашан да
журналист бола алмайды.
Санасы пәс,
жұтаң ой, қарау жандар.
Лапылдаған
жанының жалын оты,
Ең қиыны
оларға– ардың соты.
Жақсысы мен жаманын
саралайтын,
Журналистер–
елінің патриоты!
Темірқазық
сынды ел көгіндегі,
Қардай аппақ,
қылаусыз көңілдері.
Отан десе
От болып жанатұғын
Журналистер –
мұқалмас жауынгері.
Кетсе де олар
келместің кемесінде...
Шығады алдан
жылдардың белесінде.
Журналистер –
тарихты жазушылар.
Аты қалар
Мәңгілік ел есінде!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу