Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  74


Автор: Темір МЫҢЖАС

ҮЛКЕН БАҚЫТ-БЕЙБІТ КҮН

Таң әлеті, тәтті кезі ұйқының,
Ояу едім, маза бермей жыр-құйын
Төргі үйімнен ауық-ауық естілді
Сәби үні, сықылығы күлкінің...
Ақырындап, адымымды есептеп,
Үңілдім кеп бөбек жатқан төсекке,
Күледі де, былдыр-былдыр сөйлейді,
Бал жүзінен, мейір қанбас, неше өпсе.
Рахатта, ұйқысырап алаңсыз,
Дүниенің жай-күйінен хабарсыз
Жатыр бөпе, кірпік қақпа, тыныштық,
Ұйқысынан күрт шошытып аларсыз.
Бір бақытқа кенелгендей кезігіп,
Қуаныштың сақшысындай сезініп,
Ойға қалдым неге кейбір адамдар
Тыныштықтан жүреді деп безініп?
Бір кішкентай бөлшегі боп тірліктің,
Жатыр сәби, мен мынадай сырды ұқтым:
Бақыт болса адам үшін жер басқан,
Ең үлкені сол бақыттың – бейбіт күн!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу