Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  80


Автор: Темір МЫҢЖАС

БҰЛАҚ ЖЫРЫ

Бұлқынып шығып, тас емшек жердің үрпінен,
Аптығып алға, сәбише былдыр күлкімен.
Қырқадан асып, жолымды шайып сілтіден,
Келемін ағып, мен өткен жерлер дүр кілем.
Далаға дархан оралып бағзы сән-көрік,
Жанына дәру алсын деп шипа нәрді еміп.
Келемін ағып, тозған қырларым қарайды,
Кезеріп ерні, төскейін ыс пен сор көміп.
Келемін ағып, көп болып жолда бөгесін,
Қайратқа мініп, олардың сөгем көбесін.
Қолтықтан сүйер бір нөсер керек мұндайда,
Күш-қуат беріп, ағыл да тегіл төгетін.
Бірақ та бізде нөсерлер неткен аз тіптен,
Пұшайман көңіл көктеме келсе наз күткен.
Орайды алдан жықпыл мен ойдым шұқанақ,
Ішіне зәр мен сөліңді сорар саз біткен.
Құрдымнан атқып, арнама сыймай долданып,
Көлденең келген бөгетті небір қақ жарып.
Келемін ағып, “жынданып”, кейде мұңданып,
Сылдыр қағамын, жол берсе Құдай оңғарып.
Жарық дүниеге келген емеспін бекерге,
Сан кедергіге тосылып өмір өтер ме?..
Тыншытпай мені келеді сүйреп нұрлы үміт,
Шулы теңізге жете алмаймын ба, жетем бе?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу