Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  95


Автор: Темір МЫҢЖАС

Қол жайып отыр нәпақаға тапшы адам...

Қол жайып отыр нәпақаға тапшы адам,
Көрші үйде жан бар ауруы батып қақсаған.
Ал біреу жүр пейіш көріп өмірін,
Көше алмай нөпірлеген ақшадан.
Зағип ана аңсайды көзін-шырағын,
Баспанасыз жүр, білмейді қайда тұрарын.
Біреу мәз боп аяқты кердең басады
Ұстағандай бар дүниенің құлағын.
Құрдасым жүр күн өткенін қош көріп,
Бір жас жігіт қапияда кетті өліп.
Жайлы орында отыр біреу сұстанып,
Көрінгеннің бәріменен өш болып...
Мас келеді білмей қайда сиярын,
Қартым отыр, жоқтап ескі ұранын.
Мұңаяды жасы жеткен ару қыз,
Таппағасын бас қосатын сыңарын...
Мұңданамын ойлар езіп еңсені,
Жаралайды сумаң сөздің семсері.
Айта берсем, иір-қиыр қайшылық,
Беу, өмір-ай, түсінбедім мен сені...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу