Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  74


Автор: Темір МЫҢЖАС

ЖАСАЙ БЕР, ЖАЙНА

мерекелік арнау
Мереке келді,
Шаттықтың ғана тарт күйін,
Ән айтқың келсе,
Қуаныш әнін айт, күнім.
Жасарып дүние ұмытып кетті
Қарттығын,
Көктеммен келген
Сегізінші март бүгін!
Нұрлы таң атты,
Шуағын төгіп келді күн.
Бақытың қолда,
Қолыңда сенің теңдігің.
Өзіңсің бәрі: дәрігер, ұстаз, қайраткер
Тәуелсіз елдің сүйіктісі де
Сен бүгін!..
Жеткізбес шегі
Айтылар саған тілектің.
Сен жүрген жерге
Келеді менің гүл еккім.
Үйдің де сәні, түздің де сәні –
Өзіңсің,
Сен тіпті мынау үлкен әлемге
Тірексің!
Тірілткен қайта
Суалып қалған бұлақты,
Қуарып қалған
Ақ қайың менен құрақты.
Сырлы да жырлы,
Сазды да назды, шуақты,
Жасай бер, жайна,
Аяулым, көктем сияқты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу