Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  76


Автор: Темір МЫҢЖАС

БІР ӨЗІҢЕ АРНАЛҒАН

Деңгейінен биік тұрар пенденің,
Басын шатып-бұтпайтындай әр ненің,
Қашық қылар менмен сөзін өзгенің
Жазылмаған бір өлеңім бар менің.
Сөз саптауы басқа жырдан өзгеше,
Тамыр дәрідей жүректерді емдесе,
Үлбіреген лала гүлге меңзесе
Сенерсіңіз – мына өлең сол десе.
Әрбір сөзі оның мүлде басқаша,
Кінә қойың, сыр пернесін қақпаса,
Құлдыраңдап бұлақтайын ақпаса,
Сұлулықты бір өлшеммен шақтаса.
Оның үтір, нүктесі де ерекше,
Құшақтарға гүл толтырар керексе,
Аңтарылып қалар көркем дүние
Көшесімен бұлттай қалқып ол өтсе.
Иә, солай бір өлеңім бар дедім,
Сонда менің сезімім де, әл-демім,
Тәңір ием, қаламыма қуат бер
Оны жазбай, таусылмасын дәрменім.
Бастау алып мендегі аппақ арманнан,
Мөлдіреген махаббатқа айналған,
Жаным менің, жүрек жарды бұл өлең
Білесің бе, бір өзіңе арналған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу