Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  82


Автор: Темір МЫҢЖАС

САҒЫНАРМЫЗ

Әні: Айтгүл Әбдіразақованікі
Қос жүректе гүл махаббат бүр жарып,
Сыр сезімнің пернелерін бір қағып,
Есіңде ме ынтық көңіл асығып,
Біз екеуміз кездесуші ек ұрланып.
Жарасымды, бәрі сол сәт орынды,
Көкірегіме қойып ыстық қолыңды,
Сен кетуге асыққанмен қаншама,
Бірде сенің бөгей бердім жолыңды.
Тұсай алмай бойдағы асау сезімді,
Енді қайтып көрмейтіндей өзіңді,
Бөгеп тұр ем, шамы жанып көршіңнің,
Есігінен көрші әйел көрінді.
Ел ішінде жоқтай басқа жаңалық,
“Әңгімеміз” кетті содан таралып.
Кездесуді қоя алмадық біз бірақ,
Ізімізге түссе де жұрт “шам алып”.
...Өтті он сегіз найзағайдың жарқылы,
Сағыныш қой айтпағымның төркіні.
Қымбат екен білмеппіз-ау, кезінде,
Бозбала мен бойжеткеннің әр күні.
Уақыт-өзен, тыншу таппай ағатын,
Кездер келер жүрек баяу соғатын,
Шіркін-айлап сағынармыз сол шақта,
Жастық шақтың күнін емес, сағатын




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу