Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  118


Автор: Темір МЫҢЖАС

БЕЙКҮНӘ ШАҚТЫ ЕСКЕ АЛЫП...

Мейрамханада, бір тойда,
Қарсы кеп қалдың бетпе-бет.
Өзіңді көру жоқ-ты ойда,
Арада көп жыл өткен ед...
«Сәлеметсіз бе?» дедің де,
Күмілжіп қалдың бір түрлі.
Болушы ед бір нұр көзіңде,
Таба алмай көңлім іркілді.
Кіреуке жапқан жүзіңді,
Алаулы кейпің жоқ бүгін.
Кезіктірдің бе күзіңді?
Жанымды шайқап өтті мұң...
Өзіңе көздер сүзілген,
Кез қайда көңіл толатын.
Жүрегін ала жүгірген,
Есіңде ме әлі, бала ақын?
Сағындым сол бір кезімді,
Ақ білегіңді жастанған...
Өпкенмін нұрлы көзіңді,
Жүректе содан шоқ қалған.
Ұмытқан жоқсың, білемін.
Тас тағдырыңа бас білдің.
Жұлымдап сүйген жүректі,
Есігін аштың басқа үйдің.
Өзіңе кінә қоя алман,
Маңдайға солай жазылды.
Жетелеп алға ақ арман,
Өткіздім мен де жазымды.
Күмілжіп қалма, көргенде,
Кездесе қалсақ қайтадан.
Дауылды еске ал, өр кеуде,
Ақ айдыныңды шайқаған.
Сәлемді беріп ізетпен,
Танытсаң болды қош қалып.
Тұрайын аппақ тілекпен,
Бейкүнә шақты еске алып...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу