Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  89


Автор: Темір МЫҢЖАС

ДҮНГЕН ҚЫЗЫНА

Зульфияға
Дүнген қызы, тұңғиық жанар, ай қабақ,
Жаныма келдің, болдың-ау мені байқамақ?..
Еліктей үркіп жүруші ең ылғи, жалт беріп
Қаштың ба әлде қараған жұрттан анталап?
Көркіңе сенің таппайды тоят көз деген,
Шебер ғой Тәңір жаратқан артық өзгеден.
Өзіңе қарап жетпес деп тілім қорықтым,
Бейнеңді сенің салсам ба деп ем сөзбенен.
Жаның да аппақ шалмаған шайтан шалығы,
Перідей көркем періште өзің – анығы.
Сырласқан шақта көзімнің анық жеткені –
Сен көрінсең-ақ серпілер дүние тамұғы.
Сан ұсынса да, әзәзіл судан ішпедің,
Жұртпенен бірге айдынды көлге түспедің.
Оспадар сөздер осқыра шықса біреуден,
Бетіңді басып, қызара ерін тістедің.
Қаза қылмаған ораза менен намазын
Көргенде сені таң қалды мендей сабазың.
Жүре беріппіз-ау жалғаншы қызық жетелеп,
Ұмытып барын бақидағы ауыр жазаның.
Үлбір еріннен маржандай тісің тізіліп,
Мөлдіреп тұрдың жанардан моншақ үзіліп.
“Аға” дегенде ана тілімде сөз саптап,
Жүрегім бейне кеткендей болды үгіліп.
Қағыңнан тайма, алдыңнан, жаным, күлер күн,
Қош айтып саған дүрмекке мен де сіңермін.
Күңгірлеп тұрған көне Тараздың жерінде
Періште сынды қарындас бар деп жүрермін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу