Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  83


Автор: Темір МЫҢЖАС

АҚЫН ІНІМЕ

Есенғали шайырдың жауабы
Сағынып, бізге жолдаған,
Хатыңды алдым, Темірім.
Мекендедің, дәм тартып,
Маңғыстаудың өңірін.
Халық үшін туған жігітсің,
Жемісті болғай өмірің.
Өлең болды өзіңнің
Ажырамас серігің.
“Ауылдан ұзап кеттім”- деп,
Бұзылмасын көңілің.
Дос табылмас дейсің бе,
Жақсыларға жақын боп,
Таба білсең көңілін.
Ақындар қайда жүрсе де,
Қызметін етпек елінің.
Арманы болмас адамның,
Ақтаса елдің сенімін.
Тоғышар мен менменнің
Баса білсе желігін.
Қамқоршысы халқының
Қиындықтан қаймығып,
Іздемес істің жеңілін.
Елің мен жерді сағынған,
Мәнісін ұқтым хатыңның,
Қысқаша жауап берейін,
Иесі деп ақылдың.
Білмейтін де бар болар
Іштегі ойын ақынның.
Бейбітшілік дәуірде
Айыру қиын арасын
Қорқақ пенен батырдың,
Тентек пенен мақұлдың.
Қасымызда жоқтығын,
Алыста жүрсек, білеміз
Жаны ашитын жақынның.
Темір інім, шүкір ет
Маңғыстау мен Жаңғаққа
Танылғанын атыңның.
Отыз жасқа келгенде
Ақыны болдың халқыңның.
Журналист болып Одаққа
Жауапты іске тартылдың.
Бұрылысты қарсы алып,
Жаршысына айналдың
Социалистік салтымның.
Іңкәрі болдың бұл күнде
Мұндағы дос-жар, артыңның.
Өнегелі өмірдің
Көшбасшысы болуға
Ұшатын құстай талпындың.
Жерлестерің біледі
Қымбаттығын нарқыңның.
Екеу болса, бірі өзің –
Көңілі ашық-жарқынның.
Ақын інім ардақты,
Өзіңе үміт артады
Маңғыстау мен Жаңғақты.
Албырттықтан арылып,
Болатын кезің салмақты.
Қияға ұшқан қырандай
Танитын кезің жан-жақты.
Ел аузынан түспейсің,
Болсаң ақын сандақты.
Шамаң келсе, ұмытпа
Ата жолы, бұрынғы
Қасиетті әруақты,
Елдігімді жоғалтпай,
Батырған жауға бармақты.
Алатаудан асырған
Қалдан Церен бастаған
Атышулы қалмақты.
Ақындық – өнер киелі,
Кез келгенге қонбайтын.
Ақын деген-әулие
Келешекті болжайтын.
Қисыныңды түзетіп,
Тура жолға жолдайтын.
Жауыздықпен жаны қас,
Әділдікті қолдайтын.
Нағыз ақын – шежіре
Ел өмірін толғайтын.
Білімді ақын жазбайды
Парасатсыз өлеңді
Көңілің көншіп толмайтын.
Дана ақынның сөздері
Бәйтерекке меңзейді
Гүлденсе –семіп солмайтын.
Адуынды ақындар
Серпілте білер әп-сәтте
Қайғының бұлтын торлайтын.
Саған да, Темір, сенеміз
Әйгілі ақын болар деп
Ел намысын қорғайтын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу