Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  90


Автор: Темір МЫҢЖАС

АТАЖҰРТ

Кезімнен-ақ етек жауып, ес білген,
Өзіңді ойлап, ғажап күйлер кештім мен.
Қиялымды баурап алған Маңғыстау,
Сәйгүліктер дүбіріндей естілген.
Елестейтін және маған ұжмақтай,
Әулиелер жайлап алған жұмбақтай,
«Маңғыстау» деп қайталаушы ем дұғамдай
Атауының өзі маған қымбаттай.
Билеп алған көп ертегі, көп аңыз,
Атажұртқа жаны құштар баламыз,
Дем бергендей бабалардың рухы
Арасында керілдесіп қаламыз.
Жүретінбіз саған сырттай таласып,
Қиялымыз қия шыңнан әрі асып,
Батырларша бірін-бірі кешірген
Кететінбіз кейін қайта жарасып.
Бала көңіл мөлдіреген тұнықтай,
Махаббатын жүретін еш суытпай,
Қызғансақ та бірімізден біріміз
Жүретінбіз өзіңе шаң жуытпай.
Он жетімде сапар шектім сені іздеп,
Көкірегімнен өпті Ақтауда теңіз кеп.
Көктеп өттім Өзен, Бейнеу арасын
Қасиетін болдым анық сезінбек.
Айғыз-айғыз тілімденген арқасы,
Шықты алдымнан баба дала қаңқасы,
Көрінгенге үрке қарап тұрғандай
Атажұрттың әр шоқысы, әр тасы.
Тыпырлайды торға түскен балықтай,
Жон арқасын қамшы тілген арықтай.
Неде болса қысқаштайын жуан қол
Қояр емес қара қанын сарықпай.
Бозаң дала тақырланған ақ шаңдақ,
Үркіп ұшқан бөдене мен қасқалдақ,
Качалкалар қанға тоймас масадай
Қайта-қайта сорып жатыр қақшаңдап.
Шынжыр табан ізін сала таптаған,
Көрінеді жусанды қыр жат маған.
Күңгірлейді көне бейіт, мазарлар
Ата-баба белгісіндей сақтаған.
Жерұйығым қайда мені баураған,
Талапайлы тулақ дерсің аумаған.
Өткенімді бүгін іздеп таба алмай
Жауыр аттай дірдектедім жаураған.
Біреулердің ой-пікірі, санасы,
Таң қалдырды ауызының аласы,
“Түрікпен”дейді “қалпақ” дейді қазағын
Мақтаса да, дайын тұрар жаласы.
Бойын билеп қызғаныш пен күншілдік,
Ойын билеп рушылдық, жершілдік,
Шалыс бассаң жатқан гу-гу әңгіме
Биіктесең ешкім көрмес – үнсіздік.
Асқақтасаң, бейім тіпті құртуға,
Жаққың келсе, дарақылан, жырқылда...
Тәңір ием ондай “бақыт” бермеген
Жат қылықты қалдырамын сыртымда.
...Содан бері талай-талай жыл өтті,
Тәуелсіздік нұр боп жетті, түлетті.
Бәрін қойып келе жатыр орнына
Серпіп тастап құрсау болған түнекті.
Жылдар өтті, айлар өтті, күн өтті,
Рухсыздық көңілімді жүдетті,
Бойындағы қасиетін қазақтың
Жиып алып кеткен сынды бір епті.
Сені іздеумен тілімдедім табанды,
Бетте - әжім, самай шашым ағарды.
Таба алмадым қиялдағы жерімді
Баурап алған бір кездері санамды.
Бәдеуидей, бір қалыптан айнымай,
Келемін мен, сені іздеткен қай құдай?..
Қиялдағы ер көңілді, мәрт халық
Сені іздеймін бейне Асанқайғыдай.
Төзем деумен, табам деумен келем мен,
Өзімді өзім алдарқатып өлеңмен,
Қиялымда қалып қойған Атажұрт
Сені ақыр табарыма сенем мен!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу