Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  97


Автор: Темір МЫҢЖАС

БЕСІК ТУРАЛЫ БАЛЛАДА

Толқынды кәрі Каспий жағасында,
Маң дала көк теңізбен жарасуда.
Сары құм, зеңгір аспан, ақ шағала
Көз тартар бір сұлулық бар осында.
Жағада Қиянды, Қулы ауылың да,
Қоныстас қазақ, түрікмен бауырың да.
Қазақша тұрғындары таза сөйлеп,
Бас қосқан той, садақа, сауығында.
Бәрінен биік қойған ар, ибасын,
Осында хан көтерер ауылдасын.
Хабар сап, Қияндыда той жасады,
Шегем Шәудір баласы Жарылғасын.
Шәукеңнің палуандықпен аты шыққан,
Болмапты қиындықтан кезі ыққан.
Марқұмды еске алады көне көздер:
«Ер көңілді кісі деп жайыңды ұққан».
Тоқтамай өмір-өзен жатыр ағып,
Жұрт күйлі, балық аулап, малын бағып.
Жекжаттық жөніменен тойда болдық
Шәукеңнің кенже ұлы келін алып.
Бұл тойға сан тараптан келді халық,
Жыраулар жыр толғады шабыттанып,
Палуандар белдескенде, жұрт қиқулап,
Күресте шын мықтыны жатыр танып.
Тойда анық талайлардың бас қосары,
Үлкендер көшелі сөз бастады әне.
Қаратып дүйім жұртты әңгіме айтты.
Түрікменнің төрде отырған ақсақалы:
-Әкеміз Оразнияз, Сафи атым,
Қазаққа ұқсап тұр ғой түр-тұрпатым,
Бұл тойға арнап келдім Шағадамнан
Шәудірдің көріпті әкем шапағатын.
Сұм тағдыр қай пенденің жайын ұқты?!
Әкеме бақытсыздық таңылыпты.
Перзенті бірінен соң бірі өліп,
Ошағы қайғы бұлтын жамылыпты.
Тәңірден ертелі-кеш тілеп медет,
Таба алмай қам көңілге ешбір себеп,
Зарлапты шашын жайып сорлы анам


Айырылған үш сәбиден Огулгерек.
«Ісіне бір Алланың адам көнбек,
Мен сорлы міне, қубас атандым», деп,
Шәудірге әкем ылғи мұң шағыпты:
“Бұл қайғым бара жатыр досым, меңдеп”.
Дос пейіл осындайда сыналыпты.
Шәукең де қоңсысы үшін мұңайыпты.
Қазақтың бір ырымын жасамақ боп,
Сиынып әруақтарға, сыбаныпты.
Оңаша қиялымен тілдесіпті,
Үміттің оты ұшқындап, мұң көшіпті.
Бабамның киесі бар мұрасы деп,
Жасапты бөбекке арнап бір бесікті.
Қыс өтіп, жаз айналып, күз келеді,
Ал, әкем ақ үмітін үзбеп еді...
Қуантып көрші-көлем ағайынды
Жаратқан шаңырағына ұл береді.
Білгендей Шәукең жетіп бесігімен,
Жұртты аузына қаратып шешімімен.
Шарананы бесікке салып тұрып:
«Ұрпақ өрсін,- депті, -үйдің есігінен».
Сәбиге Қазақбай деп ат қояды,
Шәукеңнің ырымы шын ақталады,
Бесіктен ол жасаған төрт ұл өрбіп,
Оразнияз үйіне бақ қонады.
Міне, мен сол шаңырақ кенжесімін,
Тілеуін берді Құдай пендесінің.
Түркімендер әзіл-шыны «қазақ» дейді,
Екі ұлтқа ортақ ұлмын, ал несі мін?!..
Сафи қарт түйіндеді әңгімесін,
Босатып тыңдаушының жан-жүйесін.
Тербелді көз алдымда қоңыр бесік
Тигізген ден қойғанға зор киесін.
Тарқатып осылайша жан наласын,
Әулетке айналдырған бір баласын,
Киелі бесігіндей елестетем –
Қазақтың сағымданған маң даласын.
Бұл өмір күз күніндей құбылмалы,
Уақыттың жай таптырмас бүгінгі әні.
Замандас, ой көзімен бір қарашы


Бесігің үйіңдегі түзу ме әлі?!
Бесігің үйіңдегі түзу ме әлі?!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу