Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  83


Автор: Темір МЫҢЖАС

ЖЕРЛЕРІМ

Долы желі, аптабына шынығып,
Ертегі естіп, айлы түннен сыр ұғып,
Әр ісімнен шалалығым білініп
Бала шақта көзім көрген жерлерім.
Табанымды тікеніне тілдіріп,
Балағымды велсебетке ілдіріп,
Дүниеде барлығымды білдіріп
Мал қайырып, селеу орған жерлерім.
Сән түзеген бозбаланы жағалап,
Дос-дұшпанды енді өзімше бағалап,
Арманымның арғымағын тағалап
Елік-қызға көзім сүзген жерлерім.
Бойжеткеннің терезесін күзетіп,
Кей түндерде табанымнан сыз өтіп,
Жиылып ап, кей тентекті түзетіп
Ойын-тойды іздеп шыққан жерлерім.
Есейдік деп темекіні қолға алып,
Біреу артық сөз айтса егер шамданып,
Қиялданып, қыран құсша қомданып
Алғаш рет шарап татқан жерлерім.
Оңашада махаббатты ойға алып,
Еш адамға сыр аша алмай толғанып,
Өз-өзімнен өлең құрап, сандалып
Елік-қызға хат жолдаған жерлерім.
Енді міне, талай-талай қырды асып,
Өлгенімше құмар қылып жыр-ғашық,
Сол арқылы дүйім жұртқа сырды ашып
Қуанышқа шын кенелген жерлерім...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу