Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  75


Автор: Темір МЫҢЖАС

ДАЛАМЕН СЫРЛАСУ

Далам-ай менің,
Көсілген көркем далам-ай,
Көргендей алғаш, қуанып тұрмын баладай.
Елжіреп тұрмын, қасиеті күшті туған жер,
Сен маған емес, мен саған бақи анадай.
Қуанбай қайтем, дым тамбай талай көгіңнен,
Мамырда тіпті отты леп есіп деміңнен.
Кенезем кеуіп, қосыла саған шөлдедім,
Кішкене ғана бөлшегің болып сенің мен.
Тамшысын таппай жаңбырдың осы өңірден,
Балауса шөптер әп-сәтте солды-ау көрінген.
Сонда да болса сенімен қоса егілгем,
Кезім жоқ менің, маң далам, сенен жерінген.
Бүгінде мынау есесін алып сан жылдың,
Дүрия далам, бойжеткенге ұқсап сән құрдың.
Алғысың көп-ау науырыз бенен сәуірге,
Рәтін көрдің көктемде жауған жаңбырдың.
Қарашы, міне, жас жусан жарды бүршігін,
Қырыңды кезіп, жинадым гүлдің мың түрін.
Шаттығың болып бозторғай ұшты пыр-пырлап,
Әніне салып, алмай жүр шіркін бір тыным.
Жарықтық дала, қайнары асқақ шабыттың,
Сен маған бүгін ерекше рай таныттың.
Гүл тұнған қырда шалғынды кешіп тұрып мен,
Қымыран жырды жүрекке құйып алыппын…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу