Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  84


Автор: Темір МЫҢЖАС

ЖЫР АЛЫБЫНА ТАҒЗЫМ

Ж..Жабаевқа
Баурады мені бір ғажап әлем таң нұрлы,
Сәуледен безіп, күйкі тірлігім қаңғырды.
Табанды тіреп маңғаз Маңғыстау жеріне,
Абайдан кейін қарсы алып тұрмын
Жамбылды!
Жыр дариям менің,
Тілдіге ағыс бермеген!..
Тұлпарға сайсам шаң жұқпай өтер кермеден.
Құрсаулап бекем, тұсауласа да тұл өмір
Текті жырларын өшпестей қылып зерлеген.
Еңіреген елге өлең бұл, берер тәлімін,
Сүйеніш болып қолтықтан демер дәру-үн.
Амангелдінің семсері сынды тот баспас
Жамбыл-жыр бейне жалаулы-найза,
Қаруым!
Айтқандай өзі:
«Халық, – деп, – менің шын атым»,
Өсиетнама ол, кәрі де, жас та ұғатын.
Қазақтың рухы асқақтап шықса көгіме.
Танимын одан баба Жамбылдың мұратын!
Дара шың деймін,
Жете алмай бұлттар асылған,
Ол дүбір салса, жыр пырағы да тосылған.
Өлмес өлеңнің ғасырлар болса өлшемі
Жамбыл-жыр әлі асады талай ғасырдан!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу