Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  87


Автор: Темір МЫҢЖАС

АШХАБАТТАҒЫ МАҚТЫМҚҰЛЫ ЕСКЕРТКІШІНЕ

Шымқайы гүлді жайғасып алаң төріне,
Шабыттың жойқын шомылғандай селіне,
Шашырай шыққан күн сәулесіне малынып
Шұғылаға бөккен отырсың қарап жеріңе.
Шын көңілменен ден қойып сендей ұлыға,
Шығысың бүгін сусындап отыр жырыңа,
Шағала жырың-топшысы болат серіппелі
Шайырлар қанық шамырқанысты сырыңа.
Шыңы болдыңыз, өлеңдей асыл өлкенің,
Шәрбаттай сөздің көкіректі өртер көркі едің,
Шыңыраудан тартқан алмастай өткір өлеңді
Шиырығы жазып, әділетсізді өртедің.
Шамырқанғанда найза ғып қалам сермедің,
Шау тартпас жырмен қара ниетті жерледің,
Шапағатыңды тигізіп туған халқыңа
Шөлдегендерге шәрбат-жыр еді бергенің.
Шынайы сөздің алқаны бермес шешені,
Шайырлардың шалғайға мәшһүр көсемі,
Шырақтай жанып артыңда қалған жақұт-жыр
Шашасына шаң жұқпай ғұмыр кешеді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу