Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  78


Автор: Темір МЫҢЖАС

АТБАСАР ВОКЗАЛЫНДА

Ақырып тұрған алай да дүлей ақпанда,
Дес берместен көк мұзбенен ақ қарға,
Атбасар келіп, солығын басып көп тұрды
Біз мінген поезд Астана бара жатқанда.
Өтпесе уақыт, жаныңа жылжып қонар мұң,
Терезесінен қараймын сыртқа вагонның.
Көк кептерлер жайлаған вокзал шатырын,
Ал уілі басылар емес боранның.
Кептерлер отыр шатырдан ұзап кете алмай,
Осынау вокзал оларға туған отандай.
Шағала сынды мен келемін шарқ ұрып,
Үш тәулік бойы өз Астанама жете алмай.
Сап, сап, көңілім, Астана біздің тұр алда,
Ноқаттай сіңіп кетерміз аппақ мұнарға.
Боранды жарып ұмытылған біздің көңілді
Кептерлер түгілі адамдар мына ұғар ма?
Намысты ерге болмайды әсте бас бақпақ,
Шағылса-дағы жанардың оты жасқақтап.
Қиынды жеңіп, қиырдан ылғи жетермін,
Алдымнан сонда, Астанам, шықшы асқақтап!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу