Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  104


Автор: Темір МЫҢЖАС

Қош келдің, Наурыз, жаңа жыл –

Қош келдің, Наурыз, жаңа жыл –
Арай күнімнің бастауы.
Қарлығып қалып, әуелеп шыққан
Бабамның бейне дастаны!
33
Сөгіліп төсі көкжиегімді
Тұмшалап келген құрсаудың,
Күлімдеп жерге қарайды бүгін
Қазақтың сақи аспаны.
Көктеме болып, көгімнен сонау
Жеріме дәру тамып нұр,
Көсіліп, міне, құшағын жайды
Пейілім сынды алып қыр.
Құба белдерден сүйінші сұрап,
Торғайлар ұшты пыр-пырлап,
Құбыладан ескен мақпалдай самал
Дауадай бойға дарып тұр.
Келгенде өзің қала мен дала,
Дүниенің бәрі шат қандай!
Қосылып алып, тыныштық үшін
Ұлы той жасап жатқандай!
Бабамнан қалған ғұрыптың асыл
Тізгіні тиіп қолыма,
Жүрегім менің алғы күндерге
Медет пен сүйеу тапқандай.
Наурызым-мейір-шаттығым менің,
Сазыңнан тайма жаңылып,
Көктеме сайын күтейік сені
Бәйшешек гүлмен сағынып.
Қазақтың мынау байтақ даласы
Бозаң жусанын жамылып,
Нәріңнен сенің бір түлеп қалсын,
Бойдағы дерттен сауығып!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу