Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  113


Автор: Темір МЫҢЖАС

ҚОШ КЕЛДІҢ, НАУРЫЗ

Ақ жолыңды кескенмен талай құзғын кеп,
Әз-Наурыз, сені ұстай алмады тізгіндеп.
Серпіліп тұман, құрсаулар қалды қақырап,
Той болып енді қиырдан жеттің бізді іздеп.
Саумалдай лебің дүниені түгел аралап,
Жер-Ана, міне, көрпесін жатыр жаңалап.
Наурызым келді, күтеміз аппақ ниетпен –
Бабадан қалып, жоғалмай жеткен аманат!
Зіл бұлтты айдап, көңілімді келдің өсіре,
Түледі тірлік, ілесіп уақыт көшіне.
Айдай аспаным арай күніммен зерленді,
Наурызым келді, жерге – құт, елге – несібе.
Өзіңді күтіп, күллі әлем бүгін тұр қарап,
Жарқыра наурыз, сәулелі мың сан нұр тарап.
Жаңа жыл- сенсің, дүниені қайта жаңғыртқан,
Жыл басы- сенсің, басталмаса да күнпарақ.
Шапағатыңмен табиғат қайта көгерер,
Сен қуат берсең, қиындықтарды жеңеді ел.
Жақсылығың мен тоқшылығыңды қанат қып,
Наурызым менің, айналып жылда келе бер.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу