Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  95


Автор: Темір МЫҢЖАС

ҚАЗАҚСТАН ЕШҚАШАН ҰМЫТА АЛМАС

Құрдымында
Зұлматтың- тажалыңның,
Бірі болып,
Жазықсыз жазалыңның,
Жұтылыпты
3 000 000 алтын басы,
Қайран менің,
Қаймана қазағымның...
Қуғын-сүргін...
Болар ма “мазағың” – мұң,
Ойсыратқан
Ортасын базарымның,
Толтыра алмай
Орынын келеді әлі,
Уақыт дағы
Сол жылдар азабының.
Тектілерім
Оққа ұшты, тепкіленіп,
Кектілерім
Көкке ұшып, кетті легіп…
Тентіреді,
Тер қатып тебінгіге,
Бірақ өлім
Жетпеді өмірліге…
Дала жатты,
Кеудесін нала қысқан,
Қойны толмас
Моладан айнымастан,
Төрін алып
АЛЖИР мен ҚарЛАГ- тар
Бұғауланды,
Тапталды Қазақстан…
Үзіліп тін
Өнеге, өсиеттен,
Айырылды ел
Мәрт текті қасиеттен,
Айдын еді,
Айналды лайсаңға,
Кім көрінген
Үстінен кешіп өткен.
Кезі жоқ-ты
Өмірдің жасық еткен,
Қара үздіріп,
Сол зұлмат ғасыр өткен,
Қыршын кеткен
Қос көкем еске түссе,
Еңсе тіктей алмаймын
Қасіреттен…
Қызыл қырғын
Бүгінге жетер елес,
Жеңді әділдік, Зорлыққа қылған егес.
Ел жадынан
Зұлымдық өшпесі анық
Еске алайық,
Еске алмау мүмкін емес!
Жаралғандай
Қашаннан өр намыстан,
Қырандайын
Шыңдарға талмай ұшқан,
Сол қаралы жылдарын
Ұмыта алмас
Құшақ ашқан талайға
ҚАЗАҚСТАН!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу