Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  98


Автор: Темір МЫҢЖАС

МӘРТТІК ТУРАЛЫ ЖЫР

Ай, заман-ай, заман-ай,
Біреуге соққан самал-ай,
Біреуге тас қамал-ай!
Шырмауыңа шырмалып,
Таппаған айла, амал-ай.
Шапқан шақта намысқа,
Кешегі атыс-шабыста,
Баянсызға бақ қонды,
Құдайсызда тақ болды,
Алды-артын ойламай,
Шын байламын байламай,
Талайлар оған жақ болды.
Жақ болғанын айтайын,
Асыл затын танымай,
Пәтуаға жарымай,
Біреуге біреу тор құрды,
Ойы пәсті зор қылды.
Жұртына салып ылаңды,
Құдыққа жықты құланды.
Тайдырып жолдан ұланды,
Бауырына тартты жыланды,
Ұмытып ата ұранды,
Аяқ асты ғып Құранды.
Қамауға торға ұмтылды
Даласын сүйген қыранды.
Кешегі Құрмаш, мысалы,
Қуғын көрген құсалы,
Қамығып қан ішсе де,
Тектіліктен жаңылмай,
Иір еменге ұсады.
Зорлыққа бөккен тәртіпке,
Белсенді қортық-шәртікке
Еңселі басын имеді,
Болса да нақақ күйгені,
Қатепті қара нар сынды
Азапты ауыр сүйреді.
Ақтың бағы ашылмай,
Досы болып қасындай,
Заман-ай тарлық жасадың
Еңіреген ерге осындай.
Қайсарыңды “қашқын” деп,
Айтағыңды қостың кеп,
Қаңырады қу дала,
Елден шығып босқын көп.
Кездіктің жөні -ұстадан,
Мәрттіктің жөні-нұсқадан,
Атадан қалған ерлікті
Құрмаштай болар ұстаған!
Мойынға бұғау салдырмай,
Басынған жауға алдырмай,
Қам жасауы қабыланша.
Тасынғанды оңдырмай,
Мың күн қару жастанып,
Бөріше жалғыз бастанып,
Жүруінің өзі ерлік,
Озбырлыққа қастанып,
Уа, заман, сенен торығып,
Алды-арты – ор, соны ұғып,
Аты өліп, шөлдеп, әл кетіп,
Дұшпанға қайта жолығып,
Құрмаштай ерім налыған.
Баз кешсе де жанынан,
Мәрттігінен таймаған,
Садақа айтып арынан.
Жарақаттан қансырап,
Жатса да зорға жан шыдап,
Қаңғабайға тіл қатты
Жанына келген хал сұрап:
“Қармансам, оғым жетеді,
Атқаным мүрдем кетеді.
Қан жүктеп енді қайтейін,
Тірліктің кетті кетеуі,
Таусылды дәмім, жалған-ай,
Замандас едің, Қаңғабай,
Жазығым жоқты пендеге,
Болмағай, күнәм Аллаға-ай.
Қанымды кәпір шашпасын,
Мерейі иттің таспасын,
Өзіме-өзіме қол салман,
Қаңғабай, тыңда, бастасым.
Озалдан жан ең сыйлаған,
Бір оғыңды қи маған.
Тілегім осы ақырғы,
Жанымды менің қинаған.
Қалмайды қайда ғазиз бас,
Болудан сақтан жаны қас,
Бақиға сапар түсіп тұр,
Қаңғабай, өзің жолымды аш”
Осы боп сөзі ақырғы,
Ажал кеп құшқан батырды,
Топырақ-торқа қаусырып
Мәрттік пенен ақылды
Намыс деп жанын қинаған,
Озбырдан айыл жимаған,
Осылай өлді бір батыр
Маң даласына сыймаған.
Ту тұту иман, сенімін –
Қасиеті дала ерінің,
Қорлықтан артық көрді ол
Намысқа баққан өлімін.
Заман-ай, саған не дейін,
Жақсылар болды өгейің,
Толмады қара көмейің,
Сиқың обыр болған соң
Ұжмаққа қалай теңейін?
Толса да кеуде күйікке,
Шын асыл басын иіп пе?
Қапыда өліп кетсе де,
Рухы қалды биікте!
Бүгінге – өткен баспалдақ,
Оралғандай қашқан бақ,
Өтсе де жылдар, есімің,
Ер Құрмаш, тұрар аспандап.
...Бүгіннің күйі бөлек-ті,
Жасықты кімің елепті?
Қамсаусыз біздің қазаққа
Осындай ерлер керек-ті.
Келсе де басқа азат күн,
Жеткізбес шегі азаптың,
Ашатын бағын ер қайда
Қаймана жұртым қазақтың?!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу