Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  101


Автор: Төлеген Жанғалиев

Сынақ

Туған жылы, өлген күні – жазулы,
Пенде жатыр пейіш қылып қабірді.
Алақандай жерге сыйып кетіпті,
Ақын еді арыстандай азулы.
Келді, кетті, енді міне, нөл кісі,
Құлыптасы - өмірінің белгісі.
Аяқ асты ажал алды, амал не,
Аллаға да келмеп еді көнгісі.
Өлген күні улап-шулап жылаған,
Жақын, туыс, жанұясы дін аман.
Есіне алып, жоқтап жатқан кісі жоқ,
Есімін де атамайды бір адам!
Алған атақ, жиған байлық – қол кірі,
Ада болған сөнген кезде көз нұры.
Жаны – жаннат төрінде ме, кім білсін,
Ал, сүйегі кемік шығар ендігі.
“Адам” деген міне, осы, бар-жоғы,
Табан асты таусылатын тар жолы.
Өмірінің біткенін де байқамас,
Өз аузына жеткен кезде өз қолы.
“О дүние” тіршілігі – айтылар,
Оған барып келген кісі қайсы бар?!
Алла бізге аз ғұмырда жасатып,
Сынаққа алып жатқандығы сол шығар!
Сол сынақтан өту міндет пендеге,
Орлы жүрек тоқтағанша кеудеде.
Алла жазса, аз-ақ күндік қонақпыз,
Айналайын, Ана-құрсақ жерге де!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу