Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  77


Автор: Төлеген Жанғалиев

Суыңа да ортақпын...

Суыңа да ортақпын,
Нуыңа да ортақпын.
Шалғыныңда дем алып,
Тау, құмында шаршаппын,
Сені шексіз сүймесем,
Мені, елім ант атсын!
Аспаныңа ортақпын,
Мақтаныңа ортақпын.
Әр үніңе үн қостым,
Жаңғырығындай жартастың.
Сені жырлап өтпесем,
Мені елім ант атсын!
Қазаңа да ортақпын,
Налаңа да ортақпын.
Мақтан қуып, сормадым,
Малтасын да мансаптың.
Жан сатсам да, уа, елім,
Келмес менің ар сатқым,
Арды сатсам, ант атсын!
Туың болып желбіреп,
Суың болып мөлдіреп.
Қара терге түсейін,
Қала көрме сен жүдеп.
Айтса болды ұрпағым,
Келмес сапар кеткенде.
Ет жүрегі елжіреп,
Елін сүйіп өлді деп!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу