Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  113


Автор: Төлеген Жанғалиев

Кешіріңдер

Кешіріңдер, кешіріңдер, туыстар,
Тұғырыңда ұлың едім ту ұстар.
Мына заман мықынымда мықшитып,
Мықтыларға қойды етіп кіріптар.
Қасқа тісім қыршып алды тілімді,
Бұғалықта бұла ойым бұрынғы.
Ит көңілдер сілекейін шұбыртып,
Иіскелейді жүріп кеткен ізімді.
Қалам алсам қалтырайды қолдарым,
Әрең жазып әр өлеңнің жолдарын.
Қоғам маған қарқ-қарқ күледі,
Қос саусақтан сығалатып бармағын!
Сау басыма сақина-жыр тілеп ап,
Саналы ойым сай таппайды бір азат.
Қайда барсам қаңқу-күшік қыңсылап,
Қыр соңымнан жүгіреді қуалап.
Қайда барам, ойламаған бұл сұрақ,
Күйкі тірлік, күлкі қымбат, ұйқы-қат.
Алыс-алыс ақ бұлттардан сығалап,
Күлімдейді бәз-баяғы күншуақ.
Ойлы адамға оған жету – есірік,
Есіп кетсем қойыңдаршы кешіріп.
Мыңға қалай жағамын деп жүріппін,
Мыңмен жалғыз алысқаным өтірік!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу