Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  59


Автор: Төлеген Жанғалиев

Торығу

Сырттан жылу алмаймын Күннен басқа,
Іште жылу айналған мүлдем жоққа.
Алып соғып басынан аттар едім,
Қу өмір келмей кетті-ау, бір жамбасқа!
Қыбыр-жыбыр тірлікпен тепкілесіп,
Қырқа шалар шағымнан кеттім өтіп.
Тауым құлап, тауаным қайтып жүрмін,
Танауын талантсыздың көк тіретіп.
Не істеймін, мен оларға не дей алам,
Ауызын аша ала ма кедей адам?
Мендегі тайдың еті ас бола ма,
Елдегі қайнамасқа қара қазан...
Ат үстінен ұйқы алар кезім кетті,
Жаңа заман жұртына сөзім де ескі.
Өкпем өшіп қолқаға тығылады,
Өңмеңдеп қуамын деп өмір-көшті.
Қасиетті өлеңнен халық қашса,
Тарықпасқа бола ма, жалықпасқа.
Ей, өмір, қыл-қыбырың бәрібір бітпес,
Мені де соқырішектей алып таста!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу