Өлеңдер ✍️

  24.07.2022
  191


Автор: Төлеген Жанғалиев

Жайлаудағы таң

Бозала таңнан тұрып,
Оятам қыр гүлдерін.
Айнала алған тығып,
Алқызыл бүлдіргенін.
Самалға еркелетіп,
Самайды сүйгіземін.
Санама ертелетіп,
Сан ойды кіргіземін.
Шомылып жатпаса игі,
Шөптерден себелеп тұр.
Гүлдерге хат тасиды,
Ақ қанат көбелектер.
Тұнжырап тұншығады,
Жатқан көл шалқасынан.
Күлімдеп күн шығады,
Таулардың арқасынан.
Көлеңке сырғанады,
Түн сайға түнеттірген,
Жеңгейлер зыр қағады,
Шелегін білекке ілген,
Шопан қыз үн қатады,
Алыста мал қайырған.
Тәтті әнін тыңдатады,
Бозторғай таңдайынан.
Ақ мысық түс көреді,
Былдырлап бірдемені.
Аңшы иті іш кереді,
«Айт» десе шу дегелі..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу