Өлеңдер ✍️

  23.07.2022
  110


Автор: Қашаған Күржіманұлы

ЗАМАНА ХАЛІ

Ағасынан айрылып,
Іні кеткенге ұқсайды.
Тілінде бар жақсының
Діні кеткенге ұксайды.
Өтірік сөздер көбейіп,
Шыны кеткен секілді.
Әкімнен кетіп әділдік,
Бай қайырсыз секілді,
Бай бермеске бекінді.
Қатындардың ұятын,
Қыз-жігіттің ибасын
Шайтан алған секілді.
Байлар жұтқа жолықса,
Пақырды қуып қорлаған,
Зілден тапқан секілді.
Батыр оққа жолықса,
Аруағы кеткен секілді.
"Сөйлес" десе бір қонақ,
Үйде отырып "жоқ" десе,
Сусын, тағам сұраса,
Бар да болса "жоқ" десе,
Итін қосып "құйт" десе,
Тыным тапқан секілді.
Байрақты палуан жығылса,
Өз көкірегін зорсынып,
Кеудесі кепкен секілді.
Көбісі жұрттың осы күн
Харамға басты қадамды.
Жан екен тіпті демеді
Байлар жарлы адамды.
Тап болмай қайтсін ғаламат,
Ойлағаны арам-ды.
Әндіжанның шәһәріндей
Кетпегей дағы еді жер ауып.
 Ай менен күн қауысып,
Күн орнынан ауысып,
Қаңбақтай қара жер зыңырап,
Болмағай дағы еді бір қауіп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу