Өлеңдер ✍️

  23.07.2022
  743


Автор: Мұхтар Шаханов

ƏЙЕЛДЕР

Не толқытса, соның мұңын тартасың...
Аурухана ауласында сытырлатып картасын
Жанарында əзіл ойнап жарасты
Маған біp қыз бал ашты:
– Науқастан ба ерініңіз кезерген,
Жазыласыз,
Налымаңыз бекер сіз.
Əйтсе де əйел қауымына ежелден
Немқұрайды қарамайды екенсіз.
Сүюді сіз ерлік деп те айтасыз,
Онсыз ақын боларсыз ба ой өрген.
Дегенмен сіз абайлаңыз, байқаңыз,
Бағыңыз да, сорыңыз да əйелден.
– Бəрекелде,
Өркен жайсын талабың,
Сəуегейі сен боп жүрме қаланың.
Бұл бетіңмен сығандарды жұмыссыз
Қалдырарсың, қарағым, –
Дедім күліп. Бірақ қыздың байсалды
Əзіл сөзі маған біраз ой салды.
Дүниеге қан тамырдай тарайтын
Жер бетінде əйел жайлы ертек көп.
Əйелдерге немқұрайды қарайтын.
Еркекті мен санамаймын еркек деп.
Қай кезде де сұлулықтың жолы – мұз.
Əйел – біздің əзиз байлық қорымыз.
Əйел – біздің тағдырымыз,
Тағдырымыз болған соң
Белгілі ғой, бағымыз не сорымыз.
Қас сұлулық əлсіздердің қызғанышын маздатқан,
Ал, қызғаныш құрды деп кім айта алады аз қақпан.
Біp əйелге бола кейде ел менен ел жауласып,
Жер жастанған боздақтар.
Оған куə – анау төбе томпиған
Анау шыңдар құлақтары қалқиған.
Сан ұрпаққа тұлға болған ақындар
Біp əйелдің намысы үшін жан қиған.
Мағынасыз жылтырақты сақтамайды ел еске.
Жалын болып жылу болмау,
Əйел болып сұлу болмау –
Табиғатты алдаумен тең емес пе?
Гүлзар əйел қауымына сұлулықсыз бақ қайда,
Шын сұлулық тереңдікте жатпай ма?
Қайырлатқан кемесін талай ердің
Саяз көлге шашылмағай шұғылаң.
Тереңдігі жоқ əйелдің
Қорқу керек сыртқы сұлулығынан.
Əйел – еркек намысының қорғаны.
Нағыз сұлу əйел табу –
Бүкіл еркек атаулының арманы.
Нағыз сұлу əйел үшін қажет кезде жан қию, –
Бұл – жігіттік кодекстің жазылмаған тармағы.
Біpaқ, бірақ талайлардың бақыты алыс, сорынан,
Бұл кез келген бө
pіктінің келе бермес қолынан.
Ерлік семсе, азаматтық семеді.
Үлкен ерлік үлкен күшке келеді.
Маған ғашық біp əйел бар.
Ол əйел
Менде сондай күш барына сенеді!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу