23.07.2022
  286


Автор: Көмек Ыбрайұлы

«ЗЕРДЕ» ОЙЫНЫ. сценарий

Екі топ төрт баладан бөлініп қарама қарсы отырады.


Әр топтың алдында ойынға керекті құрал – жабдық қойылған үстел.


 


Ойынға қажетті құрал – жабдықтар: қағаз, қарындаш, қалам, сызғыш.


Жүргізушінің қолында қоңырау.Ол балалардың назарын аудару үшін әр сөзін қоңырау соғумен бастайды.


 


Жүргізуші:

 


Білім күшін ұран қып, Қазір сұрақ беремін.


Бүгін таңдап шығардық, Зеректердің зерегін.


 


 


Тапқышбектер


білеміз,


Жақсы ұпай ала алар. Сәттілік біз тілейміз, Сайысушы балалар!


 


Жүргізуші:

Құрметті, көрермендер! Енді сайысатын топтармен таныстырып өтейін. Оң жақта жайғасқан «Ай» тобы. Ал, сол жақтағылар «Күн» тобы.


Ендеше екі топтың басшыларын ортаға шақырамыз.


 


Топ басшылары ортаға шығады.


 


«Ай» тобының басшысы:

Сұрақтарды қосылып, Тырысамыз шешуге. Қалсаң егер тосылып, Көрерменім, кешірме.


 


«Күн» тобының басшысы:

Құр бекерге төс кермей, Біз де қарсы тұрамыз.


«Ай» тобына дес бермей, Озып, алға шығамыз.


 


Топ басшылары орындарына отырады. Әдемі музыка ойналады.


 


Жүргізуші:

Бірінші сұрағым екі топқа да бірдей.


 


 


Алдарыңыздағы параққа «Қ» әрпінен басталатын сөздерді тізесіздер. Кім көп жазса, соның ұпайы көп болады. Екі минут уақыт беріледі.


 


Залда жеңіл музыка ойналып тұрады.


 


«Ай» тобының жауабы:                    «Күн» тобының жауабы:

Қара                                                          Құран


Қарбыз                                                     Құрал


Қотыр (күлкілі)                                       Қалампыр


Қоңыр                                                      Қамшы


Қораз                                                        Қамыр


Қорықтық


 


Жүргізуші:

 


«Ай» тобы бес сөз жазған екен. Ендеше 5 ұпай жинады.


«Күн» тобы алты сөз жазыпты. Олар 6 ұпай жинады.


 


Көрермендер ду қол шапалақпен ойыншыларды қолпаштайды.


 


Жүргізуші:

Келесі тапсырма: «А» әрпінен басталатын сөздерді тіземіз. Бұл ойынның ерекшелігі                    – сөздер «А» әрпінен басталып, «А» әрпіне аяөталуы керек.


 


«Ай» тобының жауабы:                    «Күн» тобының жауабы:

Ара                                                           Алқа


Арна                                                         Аса


Алша                                                        Аласа


Алаша                                                      Арқа


Араша


 


Жүргізуші:

«Ай» тобы бес сөз жазған екен, олай болса 5 ұпай жинады.


«Күн» тобы төрт сөз жазыпты. Ендеше екі топтың да ұпайлары теңесті.


 


Енді топтарға бөлек таптсырма беріледі. Жұмбақ жасырамын. Берілетін уақыты – 2 минут.


 


 


«Ай» тобына:

 


Төрт аяқты,


Бес табанды жануар,


 


Іздесеңіз , төрт түліктен табылар!


(Жауабы: Түйе. Бесінші табаны: төсі)


 


«Күн» тобына:

Бес жолменен жүреді, Бар әуенді біледі.


(Жауабы: Нота)


 


Екі топтың басшылары да жауаптарын тез табады.


Жүргізуші екі топтың да ұпай санын хабарлайды.


 


Жүргізуші:

Балалар! Қадір атамыз бір жаңылтпашында «Шеше, кеше неше кесе сынды» деп бастаған екен. Сол сияқты сендерге қазір бір есеп беріледі.


 


«Ай» тобына тапсырма:

Топтарыңдағы төрт балаға 3 алма беріледі. Осы алмаларды тең қылып бөліп алу үшін не істер едіңдер?


 


Жауабы: Әр алманы төртке бөліп, әрқайсысы үш – үштен бөліп алады.


 


«Күн» тобына тапсырма:

Мараттың екі балапаны, екі лағы, бір көжегі бар. Бұлардың бәрінің аяқтары нешеу?


Жауабы:   Он алты.


 


Жүргізуші екі топтың да ұпай санын хабарлайды.


Жүргізуші:

Енді мынадай тапсырма беріледі:


 


«Ай» тобына:

Таблоға мынадай есептер жазылады:


5 + ? = 8         3 + ? = 9        8 – ? = 3       7 – ? = 1


«Күн» тобына:

Таблоға жазылған есептер:


3 + ? = 10    4 + ? = 8     8 – ? = 3      9 – ? = 5


 


Жүргізуші екі топтың да ұпай санын хабарлайды.


Жай екпінде музыка ойналады.


Жүргізуші:

 


Балалар, ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде бір үш көзді айдаһар болыпты.


Ол кәрі адамдардың еті қатты деп, балалардың еті тәтті деп үнемі ауылға келіп, ата – аналарды жылатып, балаларын алып кетеді екен. Бүкіл елдің адамдары жабылса да, әлгі айдаһар әл бермепті. Бір күні алыстан Дәуір атты шал келіп, былай деп ақыл айтыпты.


 


Дәуір атты шал:

Айдаһарды күшпен ала алмасымыз белгілі.Ендеше менің сөзімді тыңдаңдар. Оның осал жері – көздері. Көздерінің сырын ұғып, бір ай шыдасақ, айдаһар дың өзі – ақ құса болып өледі. Оның көздері үш түрлі.Үшеуін кезек – кезек ашып тұрады. Қызыл көзін ашса, бәріміз де тұра қалуымыз керек. Сары көзін ашса, жүруге дайындық жасаймыз. Ал енді жасыл көзін ашқанда, алға қарай жүріп кетуіміз керек, депті.


 


Ауыл адамдары бір ай бойы осы тәртіпке бағыныпты.Айдаһар әуелі пысқырыпты, сосын ысқырыпты. Ақыры тілінен жалын атып, жанталасып өліп қалыпты.


 


Жүргізуші:

Балалар, қашанда да ауызбірлік жақсылыққа жетелейді. Сөйтіп ауыл адамдары ауызбіршіліктің арқасында жеңіске жетіпті. «Ай» тобын ортаға шақырамын.


 


Жүргізуші бағдаршамды бейнелейтін, көздері жанатын ойыншықты пайдаланады.


 


Топқа «Дайындалыңдар!» деген белгіні қоңырау үнімен береді.


Сөйтіп қызыл, жасыл, сары «көздердің» бұйрығымен ойын басталады.


 


Келесі «Күн» тобын ортаға шақырып сынақтан өткізеді.


 


 


 


 


Жүргізуші:

 


Ойын біткен соң жүргізуші қорытынды жасап, екі топтың ұпай санын жариялайды.


 


Енді, балалар, тағы бір ойын ойнаймыз.


 


Шарты мынадай: Мен өлеңнің бірінші жолын айтамын, ал топтағылар келесі жолын жалғастыруы керек. Ұйқастың мағынасы сай келіп, өлең жолдарының көркін ашып тұруы керек.


 


Мысалы: «Бек айнаға қарады,» десем,


«Тарақпен шаш тарады »


 


деп жалғастыруға болады.


 


Көрермендерге қызықты болуы үшін күлкілі жауап берілуі шарт.


 


Мысалы: мен


«Бек айнаға қарады» дегенде,


«Басы қышып барады»


десе күлкі тудырары анық қой.


Я болмаса,


Шауып келдім есекпен, Атқылама кесекпен.


(немесе : сен тұрмапсың төсектен) деп ұйқастырамыз.


 


 


«Ай» тобына:

 


Ұрып едім Тұрышты, (Тәрбиешім ұрысты.)


 


Қораз таңда шақырды, (Бітті демі ақырғы.)


 


Бұл көшеде достары аз, (Төбелесті қос қораз.)


 


Қашып кетті танаң, (Деп ұрысты мамам.)


 


 


«Күн» тобына:

Жығып кетті тайым, (Үркіткен соң Сайын.)


 


Мініп алып құланды, (Басып кеттім жыланды.)


 


Ауырғанда құлағым, (Бүгін қатты жыладым.)


 


Мен сабаққа бармадым, (Босқа көше шарладым.)


 


Ойын аяқталған соң екі топтың ұпай сандарын шығарып, жеңімпаздарды анықтайды.


 


 


Жүргізуші:


 


Топтарға сыйлықтар беріледі.


 


Сөз мәйегін теріңдер, Білім нәрін еміңдер. Келесі бір «Зердеге» Дайындалып келіңдер.


 


 


Кім мұндайдан құр қалар, Көңілдері нұрланар.


Сайыстардан осындай, Ой – жүйеңіз шыңдалар!


 


 


Көңілді музыка ойналады.


Жүргізуші «Зерде» ойынының аяқталғанын хабарлайды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу