Өлеңдер ✍️

  22.07.2022
  112


Автор: Насыреддин Қожырбайұлы

Ту мен жан

Таң сарғайып атқанда,
Елең, алаң шақтарда
Будақ, будақ шаң шығып,
Жалғыз атты жолаушы,
Ауылға қарай көсілді,
Арқадағы жалғыз оқ,
Қауіпін елдің өсірді.
Талықсып келген жас жігіт,
Дауыл ақсақал үйінің,
Алдына жетіп құлады,
Ұзынынан сұлады.
Не болып кетті балам ау,
Өзіңе сауал салам ау.
Жаушы сонда сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді.
Атаңа нәлет жау түрікпен,
Ылаң салды ауылға,
Қапысыз жатқан қауымға,
Қарындас болды қаралы,
Азамат қалды жаралы.
Қамсыз жатқан ауылдың,
Оң жағынан бір шықты,
Сол жағынан бір шықты.
Азаматты бауыздап,
Аямай атты мылтықты.
Әйел, қызды көгендеп,
Алдына салып айдады.
Бас көтерер қалмады,
Қорғайтын жаудан айлалы.
Құтқармасаң бұл жаудан,
Бақтың бастан тайғаны.
Ақ сақалы желбіреп,
Самай шашы селдіреп,
Дауыл ата айқайлап,
Ұран салды ауылға,
Тыныш жатқан қауымға.
Ел басына күн туды,
Ел мен жердің қамы үшін,
Бала – шаға жаны үшін,
Көтерелік көк туды,
Жаратқан ием жар болып,
Әулиелер қолдасын
Тізерлеп тұрып қол жайып,
Беріп тұрып батасын,
Деп, ақсақал бел буды.
Хабар салың жан жаққа,
Жарамас жатқан бұл шақта.
Жаудың алдын бөгелік,
Қанын суша төгелік,
Қылыш найза асынып,
Желбіретіп көк туды,
Сауыт та кимей ашынып,
Дауыл ата бас болып,
Он шақты жігіт қос болып,
Көсіле шауып кіл батыр,
Жауды қуып жөнелді.
Күн сәскеге теңелді.
Бір мезгілдер болғанда,
Будақ, будақ шаң шықты.
Мал мен жанды айдаған,
Хиуаның әскері,
Алдарынан мол шықты.
Зарлаған ананың,
Шырылдаған баланың,
Құлақты даусы жарады.
Шыдамай кеткен жігіттер,
Екі үш есе көп жауға,
Атойлатып шабады.
Қу шүберекке түйіп жандарын,
Бекет ата, аруақ, деп,
Тықсырып жауды барады.
Талай дөңнің астында,
Түркпен бөрік домалап,
Басымен бірге қалады.
Қайқы қылышы қазақтың,
Күн нұрына шағылып,
Састы түрікпен тосынға,
Түрікпеннің батыры,
Құлатыңдар, деп, көк туды,
Пәрмен берді қосынға.
Сол ақ екен қасқағым,
Дауыл батыр бағытқа,
Зулап ұшты жебелер,
Ат тұяғы дүбірлеп,
Шаңға бөкті төбелер.
Аңдыған жау қойсынба,
Алып тынды ақыры,
Қадалып оқтар кеудегі,
Босады батыр тақымы.
Сұсты бетін қан жуған,
Қисайып кетті көк туда.
Осыны көрген бір батыр,
«Шыдай тұр ата шыда», деп.
Дем беріп жатыр атаға,
Жан шыдаса қарағым,
Мен шыдармын, жүре бер.
Жаратқан ием жар болса,
Бөгерміз алдын дұшпанның,
Келгенше көмек қатарға.
Осыны естіп жас жігіт,
Құйындатып жөнелді,
Екпіндеріне шыдамай,
Түрікпендер сонда бөгелді.
Жан беріп, жан алысқан,
Қан майданның барысы,
Қабырғаңды сөгерді.
Көрсетермін көріңді,
Беріп қоймаспын төрімді,
Анттасқан солай батырлар,
Ақтық демі қалғанда,
Қазақтың қолы көрінді.
Бас сауғалап түрікпендер,
Қашып, пысып жөнелді,
Масайраған адайлар,
Жеңіске мәз боп кенелді.
Қисайсада жығылмай,
Көк ту қапты желбіреп.
Маңдайын тірей сол туға,
Дауыл ата тізерлеп,
Тұр екен белі бүгілмей.
Манағы батыр атаға,
Сүйіншілеп желеді,
Жеңдік ата, жеңіс!, деп,
Қуанып шауып келеді.
Туға қолын созады,
Делебесі қозады.
Бірақ, бірақ атаның,
Өн бойында сау жер жоқ,
Жанары қалған ашулы,
Қолы қалған қарысулы,
Шыбын жаны шықса да,
Құлатпаған көк туды.
Туған жердің намысын,
Осылайша сақтапты.
Қаншама ғасыр өтсе де,
Ұрпақтары сол қазақтың,
Ұлан байтақ жерімді,
Жау қолынан қорғаумен,
Бабалар сенімін ақтапты.

Насыреддин Қожырбайұлы

Жәнібек Қожықтың «Ту мен жан» атты әңгімесінің желісімен.(Тарихи әңгіме. Ескелді Тілеуліұлы Дауыл батырдың соңғы қатысқан соғысы.)




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу