Өлеңдер ✍️

  21.07.2022
  87


Автор: Баян Тіленшина

Мәуелі дарақ

(Баян Керімқызына)
Әкең мен Әкем құрдас-тын,
Жырың мен жырым сырлассын.
Немерең мен немерем,
Бозала таңда қырды ассын.
Өріміндей таспаның,
Өткен-ді бірге жас шағым.
Жаңғырта күліп жүруші ек,
Көмеш пен Қайнар аспанын.
Мойындап өнер өрлігін,
Елге есеп берер келді күн.
Жазылсын жырлар сағынтып,
Қайнар мен Көмеш мөлдірін.
Жібермес ұлға есені,
Өжет қыз едің кешегі.
Мәуелі дарақ секілді,
Әз Ана болдың көшелі.
Жүргенде іліп жөргемді,
Көшіне жырдың ерген бір.
Баян атандың бата алған,
Керекеңнен көргенді.
Арманның аңсап асқарын,
Білімде тың жол бастадың.
Әз әкең атын ардақтап,
Жалғадың еңбек дастанын.
Ата даңқына дақ салмай,
Сәуле сыйлар ақ шамдай.
Жырларың – жазған-жан сырың,
Қауызын ақ гүл ашқандай.
Күш-қуат бойда тасқандай,
Дауылды даудан жасқанбай.
Ақиқатты айтар ақынсың,
Көкірек көзі ластанбай!
Сенбе мейлі, сен мейлі,
Шуақты ойлар сөнбейді,
Ақынның әр кез жаны жас,
Жүрегі әжімденбейді!
Салдырмай қайғы құрығын,
Тау тектес болсын тұғырың.
Өнерде де өмірде,
Ұзара берсін ғұмырың!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу