Өлеңдер ✍️

  21.07.2022
  270


Автор: Баян Тіленшина

Әже сағынышы

Желкілдеп түбіт тұлымың,
Табынтқан менің құлыным.
Бәрінен көркем дидарың –
Маңдайың, көзің, мұрының.
Лағылдан таза бұлағым,
Тамырдан жанған шырағым.
Таразы мінез тағдырдан,
Ақ жолыңды сұрадым.
Жүректен өнген гүлім-ау,
Қанымның нәрі--шырын-ау.
Тірлікке бағдар беретін,
Сезімнің жібі – жұлын-ау.
Сағыныш жаным, Дәулетім,
Өмірдің сәні – сәулетім.
Сағынттыңдар сыздатып,
Әжеңнің жүрек, бауыр етін.
Төбеме біткен айдарым,
Көздеріңнен айналдым.
Бір ойлап, ойнап сендермен,
Тең құрбыңа айналдым.
Мен жоқта таяқ жедің бе?
«Әжетай, әже!» дедің бе?
Тосқанда ешкім көтермей,
Жыладың ба не түнде?
Мен жоқта сырғанатты ма?
Аққалаң мұз боп қатты ма?
Әжелеріңнің жоқтығы,
Жандарыңа батты ма?
Ертегі айтып берді кім?
Жүр десең, үнсіз ерді кім?
Киіндіріп, шешкізіп,
Түзелді ме белдігің?
Жетектеп, кейде шаптырып,
Ойнадың кіммен ат қылып?
Қимылдатпай қойды ма,
Теледидар бақтырып?
Етігің пешке кепті ме?
Шкафқа бойың жетті ме?
Лақ боп ойнап жүрсеңдер,
«Қасқырлар» кәрін төкті ме?
Сағынып кеттім, сағынып,
Жүрмейді-ай уақыт қағынып.
Басқаға бастық бұл әжең,
Сендерге жүрер бағынып.
Таза ауаға шықтың ба?
«Сулейфадан» ұттың ба?
Билеткенде апайың,
Абайсыз киім жырттың ба?
Жер тайғақ қазір, құлама,
Құласаң, жаным, жылама.
10 күнге кеткен алыстап,
Әжеңнен медет сұра да...
Түрегел, жаным, түрегел,
Бұл өмір қатал, біле бер.
Мен жер басып жүргенде,
Сәби боп өмір сүре бер.
Қос лағым, мықты бол,
Тоңдырса өмір түкті бол.
Тәй-тәй басқан қадамнан,
Тіршілік атты шықты жол.
Дәулетім менің, Дакошім,
Ең қатты сүйер әкесін.
Есіктен кірген жаңа жыл,
Сендерге саулық әкелсін.
Қос еркем менің, қос қозым,
Маңдайға біткен қос көзім.
Сағыныш сырын ұғарсың,
Есейіп өзің өскесін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу