Өлеңдер ✍️

  21.07.2022
  63


Автор: Баян Тіленшина

СӨЗ БАСТАРДА

Қарама, ұлым, аспанға,
Айтарың болса, жасқанба.
Піріне пенде сиынар,
Ой жинақтар сасқанда.
Пендешілік жым болар,
Ұлылық тізе қосқанда.
Мініңді іздеп жұрт табар,
Айтарыңды жұптап ал.
Жастардан ойын оздырар,
Оқымаған кемпір-шал.
Ақылың алғыр болмаса,
Айдындас досың сырт қағар.
Кем ақылмен дауласпа,
Кекшіл болма, жауласпа.
Қонақпыз бірге біріміз,
Сақина тақпа сау басқа.
Таластырып жаратқан,
Ақ, қараны әу баста.
Жер астында қала бар,
Баладан шыққан дана бар.
Иісі жаман кісәпір,
Жүрегіңді жаралар.
Сыр берме сонда, сызданба,
Дұшпаның күліп табалар.
Топта сөйлеу – ғажап сын,
Түйдек ой, толқын сөз ақсын.
Тіл -қылыш сәулет тұрғызсын,
Көре алмастың көзі ақсын.
Бір қалпақ кигіз халқыңа,
Қарға тамыр қазақсың.
Өзіңе өзің қой талап,
Маржан сөз сөйле қайталап.
Лебізің алтын, жоғалтпа,
Аспаннан тұрма Ай қарап.
Жүректен шыққан сөз ғана,
Жүрегін жұрттың жайламақ.
Лепіріп желдей еспегін,
Бір сөзден бірге, көшпегін.
Мүлгіп отырғандардың,
Жиғызар бол естерін.
Сөз бастарда байқап ал,
Құлақтар болсын есітетін.
Қарама, қызым, аспанға,
Айтарың болса, жасқанба!
Көпшілік орын – дария,
Күліп кір, амандас залға.
Әжелер рухы киелі,
Сиыншы сөз бастарда.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу