Өлеңдер ✍️

  21.07.2022
  118


Автор: Баян Тіленшина

Ұлым -Ерікке

Алтын бесік тербеткен балапаным,
Жыр толқытар талпынған алақаның.
Әлди жыры анамның жүрегімде,
Жүрегіңе ақ сүтпен таратамын.
Ер жетерсің, қарсы алар күрес - өмір,
Қылыш етіп Шындықты күресе біл.
Қалқан –ақыл ісіңе бағдар беріп,
Намысыңды ту етіп тіресе біл.
Баулып берем әділет – арғымақты,
Шыңдал, ұлым, нәр жина бал бұлақты.
Өмір – күрес,
әлсізді аямайды,
Жасық туған жалыннан қарғымапты.
Жылама жат алдында, қайратты бол,
Ашылсын сәулесі нұр, айғақты жол,
Қаны емес, шын туыстың жаны туыс,
Туыстық туын көтер, айбатты бол.
Мейірлі бол, мұздаған шуақтайтын,
Мекенді бол, мыңдаған тұрақтайтын.
Қуанышты қорғайтын құдірет бол,
Қанаттыны қиядан құлатпайтын.
Ұлылық пен ұсақтық арасында,
Ұғынып шеш ақиқат таласын да.
Өрең биік, өрісің шалқар болсын,
Биіктен құла, балам, құласаң да.
Арналы бол Шаттықтан асып-толсаң,
Арманды бол аққудай, ғашық болсаң.
Асылыңды ар тұтқан бұйыртпас жау,
Парасаттың аулынан қашық қонсаң.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу