Өлеңдер ✍️

  21.07.2022
  140


Автор: Баян Тіленшина

МАЙДАНГЕР АМАНАТЫ

Амансың ба, жамағат,
Жүрмісің есен, саламат?
Майданда жүрген балаңыз,
Жолдайды сәлем қат-қабат.
Ынтығып сүйген жан анам,
Ықыласын төккен сабадан.
Фашист итке тап болдым,
Иттен де жаман қабаған.
Бұтақтың діңгегіндейсіз,
Өз көңіліңізді шын дейсіз.
Бұл жақта жүрген майдангер,
Қорғаның деп білгейсіз.
Халқыңа ана болғансыз,
Тірлікке пана болғансыз.
Үшбу хатпен жетеді,
Өзіңе деген толғаныс.
Естімейік жаманат,
Көрсеткенге – қанағат.
Артымда қалған ата-анам,
Зылиха, саған аманат.
Ағадан қалған жәдігер,
Бегалы, Қайбар, Мәділер,
Оралым, Несіп, Шералым –
Басса екен деймін көп ілгер.
Артымнан ерген Ақсақал,
Қорғай ма Қатай-тас қамал?
Қалима, Өкай, Самиға,
Бақытжан, Зәуре басқарар.
Көңілге салма жарақат,
Суланбай көзің қарақат.
Зияшым, Қайсар, Серігім –
Ұл-қызым саған аманат.
Кеудемде жаным барында,
Салмаспын уайым-сарынға.
Фашист – жөйіт жеңілер,
Дақ түсірмей арыма.
Еліме қадам басқызбан,
Сендерге қарай асқызбан.
Темір құрсау кисе де,
Ерлікті көрер сасқызған.
Ал, аман бол, аман бол,
Әйел де болсаң қамал бол.
Мен жеңемін дұшпанды,
Сен әр жақта самал бол.
Тікеңнен тұр сайыста,
Бүкірейме, майыспа.
Заты мықты еместі,
Түзей алар қай ұста?
Ал, хош енді, хош енді,
Атойға Керім төселді.
Комбатқа қояр көктасың –
Аманатым осы енді.
Хабардың бәлкім соңғысы,
Таусылар тіл мен қол күші.
Бұл фәниде кешіңдер,
Мінездің болса олқысы.
«Өлемін-ау» деп налыман,
Немісті құртам жолымнан!
Тазартып кетсем жерімді,
Өлер-ақ едім салып ән!
Ешкімге жерді билетпен,
Ар-ожданды күйретпен.
Неміске құлдық ұрмаспын,
Малай боп арба сүйретпен.
Бабамнан қалған жерім бар,
Көп ұлтты Совет елім бар.,
Өзіміз қожа болатын,
Жер астында кенім бар.
Сұққызбаспын саусағын,
Маған қалдыр жау жағын.
Ауру-сырқау жеңбесін,
Ойлаңдар егін, бау жағын.
Амалбек қайда, аман ба?
Исабай бригад шамамда.
Бір үйдің баласындай бол,
Жат қарамай адамға.
Бірігіп тірлік жасаңдар,
Қалмай тұр уақыт шошаңдар.
Жылап-сықтап қажыма,
Аманатым – осы, аңғар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу