Өлеңдер ✍️

  20.07.2022
  560


Автор: Баян Тіленшина

Тастанды монологы

Алдымда айқын емес мұратым да,
Мен қарсы тұра алам ба сұрапылға?
Аяқты шалыс бассам шапалақтап,
Бір адам бары жақсы-ау ұратын да.
Кем емес қол-аяғым – балғадаймын,
Мейірмен анама жыр арнамаймын!
Өйткені – уыз ембей, у емгенмін,
Тастанды деген атпен зарланайын.
Қоқысқа, анам, қалай қидың екен?
Сор шешем, елге қалай сидың екен?
Өкініш өртеді ме өзегіңді?
Менен соң тапқан ұлды сүйдің бе екен?
Қалды ма құлағыңда жылағаным?
Тырбаңдап құрбақадай, тұра алмадым.
Не деген тас жүректі тұлға едің,
Бұраған тірі өзегін бір адамның!
Мен үшін мейір арман мәпелеген,
Не деген асыл сөз ең «әке» деген!
Тіл қатшы тірі болсаң жалғыз-ақ рет,
Балада арман бар ма көкелеген!?
Не жаздым жерге ұрып тастайтындай!?
Бұрылып, қайта қадам баспайтындай!
Бейкүнә мен періште емес пе едім,
«Іңгәлап» Һауа-ананы жасқайтындай?!
Тастанды тіршіліктен кеттім тоңып,
Көрінші ең болмаса елес болып!
Жан берген жаннан үзіп ана емес пе ең,
Көтерші көңілімді қалған солып!
Е, Аллам, анам қайда? Әкем қайда?
Жетіліп жүрер ме екем мен де тойда?
Туыссыз сұр өмірдің керегі не!
Алтынмен апталғаннан бар ма пайда!
ІІ
Беу, еркек! Еу, әйел зат мен жаралған,
Жан-денең құралған ба тек харрамнан?!
«Жалғаннан барам-ау,- деп,- мәңгілікке»,
Азап ой келмейді ме от оранған?!
Бір құдай бар тіріге ортақ шығар?
Баласын тастамас-ау жылан шұбар!
Бойыңа ішкен асың қалай сіңер,
Көңлің – көр, көзің - бұлдыр тұман шығар?
Кеудеңді қағармысың «адаммын!» деп,
«Оқуы,тоқуы көп ағаңмын!» деп!
Алдымен өз басыңды алып жүру,
ал, сосын қамқор болу – саған міндет!
Сен – әкем, кім екенсің, кім екенсің?
Не жасап, қай мекенде жүр екенсің?
Мәдени белгі байлап галстуктен,
Кімдердің үміт артқан ұлы екенсің?
Шешемді алдап-сулап, арын талап,
кеттің бе жастық шағын барымталап!?
Жас қыздың көз жасынан кешіп өтіп,
Арман боп шақырды ма қарын-талап?!
Тоғыз ай сені үмітпен күткен анам,
Алдыңа жығылды ма күңнен жаман?
Шіреніп сонда қарқ-қарқ күлдің бе екен,
көңілің көтеріліп көкке таман?
Егіліп бейшара анам, жыладың ба?
Өзіңді көмгің келіп бір ағынға?
Уызға бір тойғызып тастадың ба,
қарлыққан үнім қалып құлағыңда?
Мен сені кешіремін, кешіремін,
Талқысы солай шығар несібемнің.
Тіл қатшы «ұлым-ау» деп қымбатты анам,
Төбемнен орын беріп, өсіремін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу