Өлеңдер ✍️

  20.07.2022
  89


Автор: Баян Тіленшина

Тіршілікке қонақпыз

Өзімшіл оймен қинадың,
Өзектің нәрін силадым,
Асыл тастар ішіне,
мейірім неге жимадың?
Ақ сәуле –жеті жолақпыз,
Ақылға кейде шолақпыз,
Тілектен тыс қоштасар,
өмірге келген қонақпыз.
Кептірер қызыл қанды да,
Уақытқа қонақ жан мына.
Халқың бір жоқтап жылайтын,
жанқияр ісің болды ма?
...Шыбықты ат деп мінгенбіз,
Шапқылап, «желіп» жүргенбіз,
Қаз басып, құлап, түрегеп,
Сүрініп, пайым білгенбіз.
Қайыңға қарап бой түзеп,
Ақша бұлтқа ой түзеп,
Шырыш мүйіз лақтай,
Көктемеге сай қыз ек.
Алыстатып араны,
Бал сәттер қалып барады!
Бүртіктен өскен бұтақ-шаш –
қайыңның жүрек-парағы.
Достарым қайда сырласқан?
Бәрі де соно-оу қырды асқан!
Сағынып Уақыт жүрегі,
Жазады тәтті жыр-дастан.
Қалыппыз лезде есейіп,
Ой көмбесін көсейік,
Қайрыла қарап өткенге,
Өрнектеп соқпақ төсейік.
Артыңда қалған белгің не?
Өшпейтін ізге сендің бе?
Мейірім сеппей өмірге,
Келмедің не, келдің не!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу