Өлеңдер ✍️

  20.07.2022
  60


Автор: Баян Тіленшина

Жас дәурен

Жас дәурен отты екпін бе?
Жаныма алау ектің бе?
Алаулап кетті дүние,
Дүлейім, маған жеттің бе?
Ісімнің басы құралмай,
Бір орнымда тұра алмай,
Жанады жүрек, жанады,
Дүрсілін дұрыс ұра алмай.
Сабырды сезім ұрғылап,
Ағады өзен-жыр құлап,
...Осының бәрі ішімде,
Сырт бейнем жым-жырт тұр бірақ.
Айта алмай соның бірін де,
Айналды сезім дірілге,
Дірілдеп шыққан кеудеңнен,
Табындым жалғыз бір үнге.
Шашыңның толқындарына,
Шаттығым ақтарылды да,
Шымырлап құйқаларыңда,
Айналдым солқылдарыңа.
Айта алмай жүрген бір үннен,
Бір үннен туған дірілден,
Солқылдап соқты дүние,
Нұр сепкен отты түріңнен.
Кеудемде сыр бар қаншама,
Ұғып ал өзің аңса да,
Айтпастан үнсіз тұрамын,
Жанардан лағыл тамса да.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу