Өлеңдер ✍️

  20.07.2022
  81


Автор: Баян Тіленшина

Сұранам, Уақыт...

Уақыттай қапас, тар қамал,
Қысқанда жылар бар жанар,
Жүректен ұшып сағыныш,
Сұр елеске жалғанар.
Бетімнің қалмай түк қаны,
Бір демнің ұз-а-а-қ шыққаны!
Тіршілік тоқтап қалғандай!
...Жайымды ешкім ұқпады.
Ай! Қайда таза ауасы?
Тылсымның бар ма дауасы?
Ақ ұлпа ойлы басым-ай,
Ақ жауын, қайдан жауарсың?
Ай, Уақыт, қысты-ау құрығың!
Шашылды-ау жуас бұрымым,
Уды у қайтарады деп,
Қасқырдай сен де ұлыдың.
Не деген ащы дауысың!
Төзімімді тауыстым,
Құтылу үшін азаптан,
Сағымға мен де ауыстым.
Бір нүктеге байландым,
Сұп-сұр жүзге айналдым,
Ақын деп атап жүрген кім,
Сөз білмей қалдым...
Қайранмын!
Тағдырдан пенде озған ба,
Жетпейді-ау қолым созғанға!
«Бір сәтке қанат берші» деп,
Жалынсам ба екен жазғанға?
Сағымдар неткен сырғанақ!
Айнала сұқ көз тұр қарап!
Иекке жаным жетті ме?
Күлкімді менің ұрлап ап!
Сайтанның асы – арақты,
Кім үшін кімдер жаратты?!
Беті аулақ! Жіге-ер, қайдасың!
Қайтаршы маған Санатты!
Қылышын ұрлап жігердің,
Оу, Уақыт, қайда жібердің?
Тарыдай шашып тылсымды,
Тірліктің туын тігермін!
Әлемнің таппай кеңдігін,
Уһ, басым! Қалай зеңгідің!
Падиша Уақыт, күлсеңші,
Атыңа ұят-ау ендігің.
Шуақты болсаң –мәндісің!
Мейірімде сенің әл- күшің,
Санаттан жүрсең айрылмай,
Минут та болсаң –мәңгісің!
Қалай да қалай шайқайсың,
Мәнсізсің, кейде айқайсың!
Қызыл келімдәрідей,
Улы ернің бар, байқайсың!
Жүрекке әжім түсірме,
Тозақтай отқа пісірме,
Секундыңды сүйетін,
Мейірім қалсын ізіңде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу