Өлеңдер ✍️

  20.07.2022
  75


Автор: Баян Тіленшина

Тіршілік теориясы

Тіршілік кімге салмас салмақтарын,
Төкпейді бұл тағдырың талғап кәрін.
Жаншыған төбесінен қарды сілкіп,
Бәйшешек күнге созар бармақтарын.
Өмірдің қатқылы көп түбітінен,
Қалмайды жарық дүние түбі кімнен!
Әлжуаз аз қайғыға төтеп бермей,
Қам кірпіш секілденіп үгітілген.
Әлсізге уытты сөз дарымайды,
Күн кешу, ойлау, сөйлеу- бәрі қайғы,
Жібиді су боп аққан көз жасына,
Жігерін намысына жанымайды.
Мықтылар озады әркез жарыстардан,
Майда сөз, ұсақ іске барыспаған.
Сыйласса – жанын беріп жақын болар,
Жек көрсе – жолын кесіп, алыстаған.
Арманын ар – ұяттан мүсіндеген,
Салмайды қай кезде де жүзін төмен,
«Өмір сүре білмейді» деп мінейді,
Бағасын мөлдірліктің түсінбеген.
Түбіне түскен білер сай тереңін,
Тау үшін қыл секілді бәйтерегің.
Қоңызға қоқыс керек, қыранға – аспан,
Өзінше іздейді әркім қай керегін.
Біреудің сырты жылтыр, іші қуыс,
Көбігің шармен мұңдас, доппен туыс.
Үп еткен желмен сырғып, елпектейді,
Қолынан келмес, сірә, басқа жұмыс.
Сырымды ұғар-ұқпас жүрсің әлі,
Бүтіннің әйтеуір хақ бір сынары.
Жаныма қанша үңілсең таптырмайтын,
Жасырған құпиям не, білші кәні!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу